Семейліктер соғыс құрбандарына тағзым етті
Жеңіс күніне орай Абай облысында да салтанатты шара өтті.
Ардагерлерді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев құттықтады. Семейліктер батырлардың рухына тағзым етіп, мәңгілік алауға гүл қойды. Жеңіс саябағына 5 мыңға жуық адам жиналды.
Гүл қою рәсіміне бала шағынан еңбекке араласқан тыл ардагерлері келді. Солардың бірі – Мақсұт Көсжанов. Ол 5 жасынан бастап соғыс жылдарының ауыртпашылығын бастан өткерген. Тыл ардагері майдан даласында қаза тапқан батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтады.
Мақсұт Көсжанов, тыл ардагері:
- Өздері Отан үшін жан кешті. Бірақ бізге бақыт сыйлап кетті. Мен, мінекей, әкемнің суретімен келдім. Сол ғұмырды біз жалғастырып жатырмыз. Біздің ғұмырды шөберелер жалғастырады. Міне, солай бола берсін.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
- Отан үшін от кешкен батырлар мен боздақтарды ұлықтап, есімдерін мәңгі жадымызда сақтаймыз. Ешкім ешқашан ұмытылмайды. Ерлік даңқы өшпейді. Екінші дүниежүзілік соғысы даласында қаза тапқандардың рухына бас иіп, тағзым етеміз.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 55/11 әскери бөлімінің музыкалық оркестрі 1997 жылы құрылған. Құрамында 15 адам бар. Салтанатты шара барысында жеңіс күніне арналған әндер шырқап, қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.
Жандос Жолдыханов, әскери оркестр бастығы:
- Жеңіс күніне арналған қаншама марштар бар, мысалы, «День победы», «Прощание Слаянки», «Нам нужна победа» деген секілді. Сондықтан оркестріміз репертуар жағынан өте бай деуге болады. Барлық ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап келе жатқан жайымыз бар.
Бүгінде Абай облысында сұрапыл соғысты бастан өткерген 5 соғыс ардагері мен 2 мыңға жуық тыл ардагері тұрады. Олардың әрқайсына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.