Теректіде тұрғын үйлер салынып жатыр

Батыс Қазақстан облысының Теректі, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым аудандарында көктемгі тасқын кезінде 1300-дей үйге су кірсе, арнайы комиссия қорытындысымен соның 466-ы тұруға жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды 24KZ.

Зардап шеккендерге 71 үй сатып алып берілсе, 395 үй жаңадан салынбақ. Күні бүгін 360 үйдің құрылысы басталды. Үйлерді 1 қыркүйекке дейін тапсыру жоспарланған. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев құрылыс қарқынымен танысты.

Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылы–- табиғи апаттан ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі. Қырдан құйылған қарғын су алдын бөгегендерді айналып өтіп, ауылға лап қойыпты. Ауданда 649 үйді су алса, соның 595-і, 128 үй жарамсыз болса, соның 102-і осы ауылдан екен. Қазір қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мердігерлер анықталып, үйлердің іргетасы құйылған, кейбірінде қабырғасы қаланып жатыр.

Қошан Даржігітов, Подстепное ауылының тұрғыны:

- Былай бастап жатқан жұмыстарымыз көңілге толады, қонымды. Әрине, басты тілегіміз, халықтың тілегі, елдің тілегі мектепте сабақ басталғанша, 1 қыркүйекке дейін осыны бітіріп, аяқтап берсе деген тілегіміз бар. Өтінішіміз бар. 

Орал қаласын қоспағанда Батыс Қазақстан облысының 4 ауданында 1466 үй көктемгі су  тасқынынан зардап шекті. Соның 466 жарамсыз деп танылды. 71 үй тұрғындарға сатып әперілсе, 395-і жаңадан салынбақ. 

Әлібек Антазиев, облыстық құрылыс басқармасының бастығы:

- 90% құрылыс-монтаж жұмыстары бүкіл нысанда басталды. Жергілікті жобалаушы мекемелер анықталды. Сонымен қатар жергілікті құрылыс компаниялары анықталды. Бүгінгі таңда Сырым ауданы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 10%-тен асып, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі аудандары бойынша 5%-ті құрап отыр.

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Теректі ауданында болып, құрылыс қарқынымен танысты, тұрғын үйлерді уақтылы тапсыру керектігіне назар аударды. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.