Елордада Run for Autism марафоны өтті
Елордада аутизм мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында «Run for Autism» қайырымдылық марафоны өтті.
Жарысқа екі мыңнан астам адам қатысып, бір мен он шақырымға дейінгі қашықтықты бағындырды. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан шараға арна тілшілері де барып қайтты.
Жүгірісте елорда тұрғындарынан бөлек Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Семейден келген әуесқой спортшылар да бой көрсетті. Астанаға келе алмаған 24 адам марафонға онлайн режимде қатысып, белгіленген межені өз қаласында жүгіріп өтті.
Блиц-сауалнама:
- Керемет, күшті. Жеңіл болды. Тез және ыңғайлы. Күн де жақсы. Менің бірінші медалім. Екінші рет жүгірдім биыл. Жақсы өтті. Ауа райы да тамаша.
- Керемет, екі жарым бірақ аз болып қалды. Енді пайда болды адреналин. Өте күшті. Ұйымдастырушыларға, демеушілерге, Болашақ қорына үлкен рақмет!
Спорттық шараның ұйымдастырушысы «Болашақ» корпоративтік қоры. Марафон Астана қаласы әкімдігінің және серіктестердің қолдауымен жүзеге асырылды.
Динара Гаплан, «Болашақ қоры» қамқоршылар кеңесінің төрайымы:
- Бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсатымыз халықты ақпараттандыру, адамдарға аутизмнің шын мәнінде не екенін түсіндіру және инклюзивті қоғам құру. Марафонға 2324 адам тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мың адамға көп.
Марафонға дамуында ерекшеліктері бар жүзден астам бала да қатысты. Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 16 мыңнан астам бүлдіршін бар, оның 4 мыңға жуығы елорда тұрғыны.
Қаламқас Шайкенова, ата-ана:
- Бүгін болып жатқан қайырымдылық жүгіріс менің ойымша осындай балаларға тең мүмкіндік сыйлайды. Өз құрдастарымен бірдей, теңдей білім алуға, тәрбие алуға, ортаға қосылуға өте үлкен мүмкіндік береді деп есептеймін.
Марафонның барлық жеңімпазы медальдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Жарыстан түскен 13 млн теңгеге жуық қаражат менталдық бұзылыстары бар балаларды сауықтыру шараларына бағытталады.
Дильназ Тұрғазыева, Нұрғали Мамурбаев