Шымкентте «Аналар аллеясы» ашылды
Шымкентте көліктер бейберекет тұратын орынға гүлзар салынды.
«Аналар аллеясы» деп аталатын демалыс орны Желтоқсан көшесінде ашылды. Биыл мегаполисте дәл осындай 10 саябақ пайдалануға берілді.
Ескі автотұрақ екі айдың ішінде осылайша көпшілік серуендейтін көрікті саябаққа айналды. Жалпы 4 мың шаршы метр аумақ абаттандырылды. Орындықтар мен жарық шамдары орнатылып, мәрмәрдан жүргінші жолағы салынды.
Маржангүл Тәттібекова, қала тұрғыны:
- Біз осы жақын жерде тұрамыз. Осы жерге демалуға келдік. Жақсы демалыс орны екен. Керемет. Бұрын бұндай жоқ еді. Қазір әдемі қылып істеп қойыпты. Таза ауада демалып отырмыз енді.
«Аналар аллеясын» салуға Рәшкүл Оспанәлиеваның жақындары демеушілік жасады. Саналы ғұмырында халық қалаулысы атанған ол көптің көкейінде қайырымдылығымен есте қалды. Сондықтан туыстары да игі істі жалғастыруды құп көріпті. Жергілікті билік бастаманы қолдап, жалпыға ортақ жер ұсынды.
Еркінгүл Оспаналиева, кәсіпкер:
- Бұл жерде ирригациялық латоктары ескіріп кеткен. Латоктан бастап ауыстырдық. «Скважина» өзіміз қаздық. Сол жерден автоматтандырылған су құрылысын орнаттық. Кешкі жарық қосылады. Сол кезде әдемі халық игілігі үшін жақсы демалыс орны болады деп ойлаймын.
Биыл қала аумағында қараусыз қалған 10 саябақ пен гүлзар халық игілігіне қайтарылды. Қалпына келтіріліп, күтіп-ұстау жұмыстары бір жүйеге келтірілді. Қазіргі гүлзардың орнындағы ескі автотұрақ басқа жерге көшірілді.
Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі:
- Жолдың қарама-қарсы бетінде Бейбітшілік көшесінде кезінде жекеменшік автотұрақ болған бір кісіде. Ақша алып отыратын. Сол көлік тұрағы мемлекетке 2022 жылы қайтарылған. Сол қоршаудың бәрін алып, қазіргі таңда балама көлік тұрағы қойылды. Күтіп-ұстау жұмыстары бізге, Тұран ауданы әкімшілігінің тарабына өтеді.
Қазір қалада 10 саябақ пен 44 гүлзар бар. Жыл соңына дейін Тұран ауданының өзінде тағы 3 аллея мен балаларға арналған 34 ойын алаңы салынады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.