Қостанай облысында тасқыннан үйсіз қалғандардың 208-і баспаналы болды
Қостанай облысында су тасқынынан үйсіз қалған отбасылардың жартысына жуығы баспаналы болды.
Жөндеуге жарамсыз деп танылған 475 үй иелерінің 208-і жаңа қонысқа көшті. Олардың дені қаладан пәтер алды.
Бұл – Қостанайдың солтүстік бөлігінде жаңадан салынып жатқан «Керемет» тұрғын үй кешені. Осы жердегі 60 пәтер тасқын судан зардап шеккендерге беріліп отыр. Алғашқы қоныстанушылардың бірі – Алтынсарин ауылының тұрғыны Анжелика Холодкова. Екі баланың анасы әлі сыры кеппеген жаңа үйден екі бөлмелі пәтер алғанына сене алар емес.
Одан әрі облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ынтықбаевтар шаңырағына бас сұқты. Қонақтарды әулеттің үлкендері қарсы алды.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Президент келген кезінде де, сіздермен кездескен кезінде де айтқан еді. «Барлық зардап шеккен азаматтарға тиісті көмек берілуі керек. Бірде-бір адам көмексіз қалмасын» деп. Бүгінгі күні жалпы 475 үй біздің облысымыз бойынша жарамсыз деп есептелінді. Соның бүгінгі күні 208-і сатып алынды. Бұл 43,7%-ті құрайды. Дәл жартысы. Сондықтан біртіндеп, осы аптада тағы бірнеше үйді сатып аламыз. Осылай тез арада бір айдың ішінде көп азаматтар жаңа үйлерге қоныстанады.
Ынтықбаевтар отбасына 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Бастапқыда ауылдан үй салдыртсақ деген жоспары болған. Кейін ақылдаса келе, қалаға көшкенді жөн көрген.
Күлбағыш Ынтықбаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Балалар тағы да айтты «мама, беретін болса, одан да қалаға, бәріне де беріп жатыр ғой, біз де бірге үй алып қалайық. Ол жерде жедел жәрдем, аурухана қасымызда болады» деп. Біз өзіміз солай шештік. Бізге өте ұнап отыр. Былай сапалы, өздеріңіз де көріп отырсыздар ғой, қандай үй, күшті.
Ал Арқалықта табиғи апаттан зардап шеккендерге 65 пәтер сатып алынды. Баспаналы болғандардың бірі – Екідін ауылынан көпбалалы Мөлдір Тілеуқабылова.
Мөлдір Тілеуқабылова, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Арқалық қаласынан балаларымның болашағы үшін жаңа үйден 3 бөлмелі пәтер алдым. Балаларым бірінші мектепте оқиды. Қай жағынан болса да, барлық көмектерді алып жатырмыз. Азғантай малымыз суға кетіп еді. Оның өзінде ақшалай, қаржылай берді.
Арқалықта қосымша көпқабатты 50 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Мұның сыртында қыстақтарда жаңадан жеке үйлер тұрғызылады.
Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің м.а.:
- 5 қыстақта құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Ол 5 қыстақтың мердігері анықталды. Қазіргі таңда салынатын орындары белгіленді. Жақын арада құрылыс жұмыстарын бастайтын болады және қосымша су тасқынынан зардап шеккен малдар бойынша төлемдер төленіп жатыр. Бүгінгі текті келген бағалау құны бойынша барлығы төленді.
Зардап шеккендерге арналған жеке үйлердің құрылысы Амангелді ауданында да басталды. Мұнда 27 үй салынады. Оның 18-і Амангелдінің өз басында, қалғандары Есір, Ағаштыкөл, Қарасу, Байғабыл ауылдарында бой көтереді.
Нұрлан Қойшығұлов, Амангелді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жер жұмыстарының бәрі бітті, аяқталды. 4 үйдің фундементі дайын. Қалғандары монтаждау үстінде. Қазір материалдан, бәрінен тоқтау жоқ. Уақытылы келіп тұр.
Облыс бойынша су басқан 876 үйді қалпына келтіруге болады. Техникалық сараптаманың қорытындысы осыны көрсеткен. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол алдағы маусымның 15-іне дейін аяқталуы тиіс.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров.