Тазалық табалдырықтан басталады

Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 128 мың дана ағаш егіліп, 6 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Бұл жұмыстарға 90 мыңнан астам адам мен 884 техника жұмылған. Сыр өңіріндегі тазалық шаралары «Үлгілі елді мекен» байқауымен жалғасты.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Нағи Ілиясов ауылының барлық көшесі мен арық жүйелері тазартылды. Саябақтар абаттандырылып, ойын алаңдары ретке келтірілген.

Толғанай Нұрмағанбетова, ауыл тұрғыны:

- Балаларға үлгі бір жағынан. Олар да ауылымыздың жас балалары, оқушылары да тазалыққа үйренген. Жерге орынсыз қоқыс тастамайды.

Сағдат Нұрмағанбетов, Нағи Ілиясов атындағы ауылдық округ әкімі:

- Үш мыңға жуық тал егілді. Сонымен қатар 30 мыңға жуық кан гүлі, 100 мыңға жуық майда гүлдер егіліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Нағи Ілиясов ауылы былтыр облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауында жеңімпаз атанып, тазалық жұмыстарына арналған екі техника сыйға алған. Мұнан бөлек, ауылдағы шаруашылық та қоршаған ортаны абаттандыруға үлес қосып отыр.

Еркебұлан Ерәлиев, серіктестік өкілі:

- Жылына 110 миллион теңге қаражат бөліп отыр. Бұл жерде 50-ге жуық ауыл тұрғындары жұмыс істейді. Осы орталықтың тазалығына тікелей сол кісілер жауап береді. Одан бөлек екі шақырым жерге жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның қаражаты 15 миллион теңге. 20 миллионның үстінде ақша бөлініп, тағы да ауыл тұрғындарының демалу орны ашылып жатыр.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен өңірде «Үлгілі елді мекен» байқауы жыл сайын өтеді. Былтыр 1 миллиард теңгеге жуық қаржыға алынған коммуналдық техникалар аталған байқаудың жеңімпаздарына үлестірілді. Биыл бұл игі шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалғасын тауып отыр. Байқау қорытындысы шілде айында жарияланады.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, «24.KZ», Қызылорда облысы