БҚО-ның Бөрлі ауданында 244 үй жөнделеді
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды.
Ауданда 370 үй суға кеткен, соның 126-ы жарамсыз. Кеңтүбек, Ақсу, Пугачев және Аралтал ауылдарында 60 үйдің құрылысы басталса, 66 үй зардап шеккендерге Ақсай қаласынан сатып әперілмек.
Ақсу ауылы – тасқын судан елеулі зардап шеккен елді мекеннің бірі. Арнасынан асқан Шыңғырлау өзені ауылдағы 146 үйдің тең жартысын басқан. 44 үй жарамсыз болған. 23-і жаңадан салынып жатыр. Ал 34 азаматқа жөндеуге қаражат бөлініпті.
Ардақ Әбдірахманова, Ақсу ауылының тұрғыны:
- Осы жөндеудің ақшасы түскеніне бір аптадай болды. Жөндеуді бастаймыз. Өйткені жазды, ауа райының ысуын күтіп отырмыз. Едендерді ашып кептіруге күннің ысуы керек. Жан-жақтан фундаменттерді тесіп, едендерді тесіп, сондай жұмыс жасап жатырмыз.
Бөрлі ауданы бойынша 126 үй жарамсыз деп танылса, соның 66-ы тұрғындарға аудан орталығы Ақсай қаласынан сатып әперіледі. 60-ы жаңадан салынады. Күні бүгін құрылыс компаниялары үйлердің іргетасын құйып жатыр. 244 үй жөнделеді. Оған қажетті 1 миллиард теңгедей қаражат тұрғындардың есепшотына түгелдей дерлік аударылыпты. Біржолғы жәрдемақыға 437 отбасына 161 миллион теңге төленген. Өзге де залалдар өтеле келген.
Еркебұлан Ихсанов, Бөрлі ауданының әкімі:
- Жоспарымыз бойынша үйлерді тапсыру ағымдағы жылдың тамыз айында. Одан бөлек, Үкіметтің қаулысына тұрмыстық заттар мен үйдегі жиһаздарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар, яғни бағаланады деген өзгерістер бойынша екінші мәрте тәуелсіз бағалаушылар жұмыстарын бастап, бүгін аяқтап, ертеңгі күнге барлық бағалаушылар есебіне сәйкес 25 мамыр күні, яғни ертең төлеп бітіреміз.
Ақсай қаласына қарасты Қызылтал ауылын жылда су басатын. Биыл аман. Былтыр салынған мына дамба судың бетін қайтарыпты. Осындай бөгетті енді Аралтал, Пугачев ауылдарына да салу жоспарланып отыр. Ұзындығы 13 шақырымдық құрылыстың құны – 1,5 миллиард теңге.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.