Қостанайда трактор кабинасын шығаратын цех іске қосылды

Қостанайдағы «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» базасында трактор кабинасын шығаратын цех іске қосылды.

Бұл инвестициялық жобаның екінші кезеңі. Өндіріс желісінде 150 адам еңбек етеді. Жаңа цехтың ашылу салтанатына Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрі мен қос елдің басқа да салалық министрлік өкілдері қатысты.

Цехтың ашылуы еліміздің өнеркәсіп саласындағы елеулі оқиға. Осыған дейін инвестициялық жобаның бірінші кезеңінде Беларусь тракторлары Қостанайда құрастырылып келсе, енді бөлшектерін өзімізде шығара бастаймыз. Ал трактор кабинасы бүтін құрамның 40 процент бөлігі. Үшінші, төртінші кезеңде басқа бөлшектер өндірісін жергіліктендіру мақсаты тұр. 

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Өндірістің келесі кезеңдерін жүзеге асыру мүмкіндігін талқыладық. Болашақта трактордың алдыңғы белдігін, жекелеген пластик бұйымдарын осында шығарсақ дейміз. Қозғалтқыш блогын да жасауға мүмкіндік бар. Биыл шойын құятын зауыт ашылса, машиналардың қандай түріне де сапалы қозғалтқыш блогын дайындап бере аламыз. 

Цехтың жалпы аумағы 10 жарым мың шаршы метр. Алты құрал-жабдық учаскесіне бөлінген. Заманауи лазерлі станок, темірді иетін аппарат, екі робот кешені және автоматтандырылған бояу камерасы бар. Осы желі бойынан 9 трактор моделіне келетін әмбебап кабиналар шығарылады. 

Валентин Дашкевич, "МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты" ЖШС Бас директоры:

- Жаңа желі жылына 10 мың кабина шығаруға қауқарлы. Бұл межеге біз 2026 жылы жетеміз. Одан бөлек трактордың жоғары қысымды бөлшегін, кабинаның аяқбасқышын өзіміз осында жасап жатырмыз. Келешекте басқа да бұйымдарын өндіруді қолға аламыз. 

Беларусьтің Қостанайға қызығушылық танытуы тегін емес. Біріншіден өңірде машина жасау саласы жақсы дамып келеді. Екіншіден инвестициялық климаты қолайлы. 

Александр Рогожник, Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрі:

- Логистикалық орналасуы жағынан да тиімді. Бұл алаңды экспорт көзі деп білеміз. Тек тракторды емес, комбайн, өрт сөндіру машиналары сияқты техникаларды осында  құрастырып, жинау ойымызда бар. 

Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді. Қазір ол миллиард доллардан асты. Оның ішінде әсіресе өнеркәсіптік кооперация жақсы дамыған. 

Азамат Панбаев, ҚР Өнеркәсіп комитетінің төрағасы:

- Қазір Беларусь Респбуликасымен бірлескен тоғыз жоба бар. Оның жалпы құны 85 миллион доллар. Соның жетеуі толық іске асырылды. Негізгі бөлігі сол машина жасау саласына қатысты.

Трактор зауытын іске қосуға 7,5 миллиард теңге тікелей инвестиция салынды. Өндіріс қуат алған сайын салық түсімі де еселене береді. Бұл кәсіпорынның бюджетке төлемі шамамен төрт есеге ұлғаяады деген болжам бар. 

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров