Қарағандыда өңірлік ономастика мәселелері талқыланды

Бұдан былай ауылға, қала көшелеріне атау беру республикалық ономастикалық комиссия келісімімен жүзеге асырылады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған қоса, тарихи жер-су атаулары сақталып, заманауи ақпарат көздеріне дұрыс түсуі қажет. Ол үшін өлкетанушы, тарихшы және ономастардан құралған топ зерттеу жүргізеді. Ономастика саласына қатысты өзекті мәселелер Қарағандыда өткен республикалық семинарда талқыланды.

Өңірлерде ономастикаға қатысты өзекті мәселе көп. Әсіресе, әркім атасын, жерлесін ұлықтап, мекеме, көше мен елді мекенге есімін беруді, ескерткіш орнатуды сұрау әдетке айналған. Бұл олқылықтарды биыл 15 наурызда Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да атап өткен. Ендігі жерде өңірлерде қоғамға еңбегі нақты сіңген, тарихта орны бар тұлғалардың тізімі жасалуы қажет. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өлкетанушылар, ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, әр өңірдің заманауи ақпарат көзіне негізделген 3D топонимикалық картасы әзірленуі тиіс.

Ербол Әлиқұлов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

-Министрлік мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында республикалық жұмыс тобын құрды. Облыстық ономастика комиссиясының кейбір құзыретін республикалық комиссияға беру туралы жұмыс жүргізілді. Алдағы уақытта ауылдар мен елді мекендерге, аудандық маңызы бар қалалардың көшелеріне атау беру мәселесі республикалық ономастика комиссиясының келісімімен жүзеге асырылатын болады.

Қарағанды облысында соңғы 10 жылда 28 елді мекен мен олардың құрамына кіретін 800-ден астам бөлімдер мен көшелердің, 76 мекеменің аты ауыстырылған. «Тұрғылықты мекенжайлар, жер, су атаулары, қала көшелері, ескерткіштер, тіпті күнделікті қолданатын навигациялық қосымшалардың өзі ұлттық ономастика сүзгісінен өтуі тиіс», - дейді ғалымдар.

Гүлнәр Бекенова, «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы:

- Ономастика өте күрделі мәселе деп қарап, Қазақстандағы ономастикамен айналысып жатқан ғалымдардың басы қосылып, қоғамдық бірлестік құрдық. Бұл бірлестікте еліміздің өңірлеріндегі білікті ғалымдар топтасып, ономастика мәселелерімен айналысып жатыр. Соның бірі әр өңірдегі жер-су атауларын тарихи-диахрондық жүйелендіру жұмысымен айналысып жатырмыз.

Биыл бұл жоба Павлодар, Жетісу, Алматы, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар