Атырау облысында су шайған жолдар қалпына келтіріліп жатыр
Атырау облысында тасқын су салдарынан бұзылған жолдар біртіндеп қалпына келтіріле бастады.
Алмалы ауылдық округіне қарасты 8 шаруашылықты округ орталығымен байланыстыратын жолды су шайып, шаруалар қиындыққа тап болған еді. Бүгін ұзындығы 6 шақырымдық көтерме жолдың құрылысы аяқталды.
Алмалы ауылының іргесіндегі жүзім шаруашылығына шығатын жол арғы жағындағы 7 қожалықты округпен жалғайтын. Ауылды су қоршағанда бар күш бөгеттерді нығайтуға бағытталып, жол қараусыз қалған еді. Қазір жағдай түзелгелі шаруашылықтардың байланысы жолға қойылды. Жол құрылысын қолға алған әскерилер мен облыстық спорт мекемелерінің қызметкерлері бүгін қатынасты қалпына келтіріп жатыр.
Насихат Уахитов, облыстық бокс клубының қызметкері:
- Су келгелі екі ауысммен жұмыс істеп жатырмыз. Түнгі, күндізгі кезек. Қазір күндізгі кезектің жігіттері сарбаздар бар, ЧС бар. Алма бағына кетіп бара жатқан жолды шайып кеткесін осы бөгетті қайта қалпына келтіруге келіп тұрмыз. Біздің жұмысымыз – халықтың тыныштығын ойлау.
Жайыла тасыған Жайық өзені Алмалы ауылдын 3 жағынан қоршаған еді. Ауылды сақтап қалуы үшін ұзындығы 9 шақырымдай бөгет тұрғызылып, күндіз-түні күзет ұйымдастырған болатын. Сақтық шарасы әлі де күшінде. Бүгінде округке жауапты мекеме мен 50-ден астам сарбаз кезекшілік атқарады. Жалпы өзен бойындағы 17 елді мекеннің барылғында жауапты мекемелер белгіленген.
Нұржауған Төлеуова, бөгет құрылысының үйлестірушісі:
- Жайықтан жайылмаға су шығып жатыр. Осы су ауылдың кіреберіс жолына жайылып жатқандықтан, бүгінгі күні Жайықтың арнасына кері қарай жырып жіберу жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Сонымен қатар ауыл айналасындағы шаруа қожалықтары бар. Осы шаруа қожалықтарына кіретін жолды су шайып кеткендіктен, қалпына келтіріп жұмыстары да жүріп жатыр.
Тасқын кезінде Жайық өзені 113 учаскеге бөлініп, судан қорғану жұмыстары жүргізілді. Әлі де 24 гидробекетте судың деңгейі бақылауда тұр. Сәуір-мамыр айларында облыстың су басу қаупі жоғары елді мекендерді қоршап, биіктігі 8-11 метр болатын 523 шақырым бөгет соғылды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.