«Алматы – Байсерке – Талғар» газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын
«Алматы – Байсерке – Талғар» магистральды газ құбырының екінші тармағының құрылысы мерзімінен бұрын аяқталуға жақын, деп хабарлайды 24kz.
Жоба Мемлекет басшысының Алматы жылу электр станцияларын газға көшіру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. QazaqGaz компаниясының еншілес ұйымы «Интергаз Орталық Азия» газ инфрақұрылымының құрылысын былтыр бастаған. Қазір соңғы кезеңнің жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дәл қазір кран тораптары мен тазарту құрылғыларын іске қосу және қабылдау тораптарын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес, газ құбырының ұзындығы 62,4 шақырым, диаметрі 530 миллиметр, өткізу қабілеті сағатына 1 миллион текше метрді құрайды.
Руслан Сүйіндіков, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы МГҚБ директоры:
- Алдыңғы жылы 2 автоманттандырылған газ станциялары салынды. Біреуінің қуаттылығы 150, екіншісі сағатына 250 текше метр. «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырымен «Алматы – Байсерке» газ құбырының екі ортасындағы жалғаушы TIP 04 газ құбыры салынған болатын. Оның қуаттылығы сағатына 1 млн текше метр газ өткізетін мүмкіндігі бар.
Мердігер компаниямен жасалған келісімшарт бойынша газ құбырының құрылысы желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда, қарқынды жұмыстың арқасында жоба биыл қыркүйек айында іске қосылады. Қазіргі уақытта 50 шақырымнан астам газ құбыры дәнекерленген. Жобаға 70 техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды.
Владимир Матёвка, мердігер құрылыс ұйымының учаске жетекшісі:
- Қазір көлденең бұрғылау, көлденең еңіс бұрғылау жүргізілген қиылыс аумағындамыз. Қазіргі уақытта команда бұл қиылысты екі жағынан байланыстыру жұмыстарын жасауда.
Құрылыс аяқталғаннан кейін Алматы жылу электр орталығы үшін газ инфрақұрылымы дайын деп сенімді айтуға болады. Жоба жылу электр орталығының экологияға кері әсерін азайтады. Сондай-ақ Алматы қаласы мен облыс тұрғындары көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов