Кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсетілді
Су тасқынының алдын алуға және зардабын жоюға үкіметтік емес ұйымдар да зор үлес қосты.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы осы көктемде зардап шеккендерге 226 миллион теңгенің көмегін көрсеткен, аймақтарға 14 миллион теңгенің гуманитарлық жәрдемін жөнелткен. Бүгін Орал қаласына барған федерация басшылығы табиғи апатқа тап болған 45 тұрғынға 100 мың теңгенің тауарлы сертификатын табыстады, еріктілерді марапаттады.
Батыс Қазақстан – табиғи апаттан ең көп зардап шеккен аймақ. Тасқынға тап болған әрбір үшінші отбасы Орал өңірінде. Жаңа құрылыстың жартысына жуығы да осында. Күні бүгін өңірде 9 мыңдай отбасыға 3,2 млрд теңгенің біржолғы көмегі берілді, жөндеу жұмыстарына 253 отбасыға 422 млн теңге төленді. Залалды өтеуге Кәсіподақтар федерациясы да қанатымен су сепкен қарлығаштай өз үлестерін қосып жатыр.
Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
- Бірінші күннен өз көмегімізді көрсетіп, қол ұшын созып, қазіргі таңда 3 мыңнан астам адамға 225 млн теңге материалдық көмек көрсеттік. Сонымен қатар 14 млн теңгеге жуық гуманитарлық тауарлық көмек көрсеттік. Тағы да өзіміз шешім қабылдап шипажайларда 269 орын бөлдік. Қазіргі таңда 179 адам осы жерде сауығып, денсаулығын қалпына келтірді.
Бөгет соғып, тасқынның алдын алған, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген, гуманитарлық жүкті жеткізген еріктілер қатарында кәсіподақ мүшелері аз емес. Бүгін солардың бірқатары төсбелгімен марапатталды. Үйі суға кеткен 45 азаматқа 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Медет Сухашев, Орал қаласының тұрғыны:
- Бұл да енді аз болса да, дүние-мүлкіміздің, шығынымыздың бір жеріне жамау болады деген сенімдеміз. Баршасына біздер алғыс айтамыз. Қазақта айтады ғой, түн артынан күн шығады деп. Осы түндер артынан күн шығып, қаңғып жүрген, шулап жүрген халқымыз әрқайсысы баспаналарына оралып, қуанышқа кенеліп, елдің тыныштығы болса деп тілейміз.
Бүгінде елімізде 1 млн 600 мың адам кәсіподаққа мүше. «Олардың құқығы қорғалуы басты назарда», – дейді федерация басшылығы.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.