Qazaq Stroy осы көктемде Алматыда 17 мыңнан астам ағаш отырғызды
Qazaq Stroy құрылыс компаниясы осы көктемде Алматыда 17 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызды, деп хабарлайды 24kz.
Көгалдандыру жұмысы күзде де жалғасады. Шаһардың әр бұрышына канадалық үйеңкі, талшын және қаланың қатал жағдайына төзімді, басқа да ағаштар егіледі. Жалпы биыл компания 30 мың ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.
Qazaq Stroy құрылыс компаниясы Алматыны көгалдандыру жұмысын жалғастыруда. Биыл өтемақы ретінде 30 мың түп ағаш отырғызады. Оларды жерсіндіретін орын қаланың сұранысына қарай таңдалған. Алғашқы көшеттер санитарлық қорғау аймағына егілді. Бұл ағаштар екінші жылу электр орталығынан шыққан түтінге тосқауыл болады. Жасыл желектерді компания үш жыл күтіп, баптайды.
Болат Ибрагимұлы, Qazaq Stroy компаниясының директоры:
- Біз жыл басында өтемақы ретінде 28 мың түп ағаш отырғызу міндетін мойынымызға алдық. Бірінші кезең аясында 17 мыңнан аса көшетті жерсіндірдік. Екінші кезең күзде басталады. Ол кезде 11 мың түп ағаш отырғызамыз және оны күтіп баптаймыз.
Сонымен қатар Qazaq Stroy құрылыс компаниясы азаматтардың жеке өтініштерін де ескере отырып, тұрғын үй кешендерінің аумағын көгалдандырып жатыр. Таңдалған ағаш түрлері қаланың ауа райына шымдамды, күтімді көп қажет етпейді. Бұл көшеттер жылдам тамыр жайып, зиянкестерге төзімді келеді екен. Ауаны да жақсы тазартады.
Тимур Елеусізов, Алматы қаласының мәслихат депутаты:
- Qazaq Stroy құрылыс компаниясы айтқан сөзінде тұрып, өтемақы ретінде көшеттерді отырғызып жатыр. Көктемгі ағаш отырғызу маусымында 17 мың түп егілді. Жаз бойы бұл көшеттердің жағдайын тұрақты бақылап отырамыз. Мен бірнеше жерді барып көрдім, уәде еткен ағаштар отырғызылған.
Алматыда осы жаздың соңында «Дарабоз» шағын ауданында жаңа саябақ пайда болады. Жасыл желекке толы аумақ Qazaq Stroy құрылыс компаниясы салған «Алтынай» тұрғынүй кешенінде орналасады. Компания басшыларының айтуынша, бұл саябақ заманауи технологиямен күтіп бапталады екен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов