БҚО-да тасқын салдарынан үйсіз қалған 27 азамат баспанамен қамтылды

Батыс Қазақстан облысында тасқын салдарынан үйсіз қалған 27 азаматқа баспана әперілді, деп хабарлайды 24kz.

Бұл мақсатқа 560 миллион теңге жұмсалған. Тағы 52 пәтердің қаржысы таяу күндері аударылмақ. Одан бөлек, жарамсыз деп танылған 401 үйдің орнына жаңа үйлердің құрылысы басталды. Бұл аудандарда атқарылған ілкімді істер. Ал, облыс орталығында суға кеткен саяжайлардағы техникалық тексерісті тездетуге өзге өңірлерден бағалаушылар шақыртылыпты.

Батыс Қазақстан облысы тасқын судан ең көп зардап шеккен аймақ. Табиғи апатқа тап болған әрбір үшінші отбасы Орал өңірінде. Жаңа құрылыстың жартысына жуығы да осында. Аудандарда 480 үй жарамсыз деп танылса, соның 401-і жаңадан салынады.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мемлекет басшысының айтқанындай ешбір азамат, ешбір тұрғын көмексіз қалмайды. Әрине, бір қиындықтың артында бір жақсылық болады деп тегін айтпаған болар. Қиын болды. Жаңа үйлерге көшірсек, қоныс тойын тойлайтын күн де алыс болмас деп ойлаймын. Сондықтан «сабыр түбі сары алтын» дейді.

Егер аудандарда жәрдемақы, өтемақы түгел төленіп, құрылыс қарқын алса, Оралда техникалық тексеру жұмыстары енді қызып жатыр. Суға кеткен 14 мың жарымдай саяжай учаскесінің 9 мыңға жуығында үй-жай болса, 2639-ы жалғыз баспана деп танылған. Күні бүгін осы санаттағы тексеріс қорытындысы шыққан 881 үйдің 675-і жарамсыз деп танылыпты. «Қалғанын да тездетіп анықтау керек», - дейді өңір басшысы.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Бағалау компаниялары жүр 71 адаммен. Бірнеше компания бірнеше облыстан келді. Бүгінгі күнге тағы да 26 адам кешке дейін қосылады Атырау облысынан келе жатыр. Бұлардың барлығын неге жасап жатырмыз. Тез арада, әрине, қиыншылық туғызып тұрғаны саяжайлардағы су кетіп болған жоқ. Бірақ кеткен жерде бағалау жұмыстарын тез аяқтау керек. Міне, осы бағытта үлкен жұмыстар жүріп жатыр.

Зардап шеккендерді баспанамен қамтуға ірі компаниялар көмектеседі. Ал, табиғи апаттан келген шығын мөлшері саяжайлардағы тексеруден кейін мәлім болмақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э. Аюпов