Маңғыстауда «Таза Қазақстан» экоакциясы жыл соңына дейін жалғасады
«Таза Қазақстан» эконауқаны аясында Маңғыстауда тазалық жұмыстары жылдың соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды 24kz.
Өңірдің барлық елді мекенінде 11 сәуірден бері сенбіліктер өткізіліп келеді. Қазіргі уақытта туристік орындар күл-қоқыстан тазартылып жатыр. Сондай-ақ бес аудан және екі қала аумағынан жүздеген тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, жасыл желек егілді. Кезекті шара, бүгін Ақтауда ұйымдастырылды.
Зияткерлік мектеп алдында шағын сквер бар. Жоғары сынып оқушылары осы аумақты көгалдандыруға белсене қатысты. Коммуналдық мекеме қызметкерлерінің нұсқауымен шұңқыр қазып, тал көшетін екті. Жас өскіндер ақтаулық кәсіпкердің тұрғындарға жасаған тартуы.
Дамир Нұрланов, оқушы:
- Біз тамақ қалдықтарынан әртүрлі тыңайтқыштар жасаймыз. Ол тыңайтқыштарды мына ағаштарға дұрыс күтіммен қарайтындай етіп қолданамыз. Бұл ағаштардың таудай биік болғанына дейін суарып, қарап тұрамыз. Менің ойымша, мұндай шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек. Себебі, осы қаланы таза ұстауға барлығымыз да жауаптымыз.
Мағжан Амин, кәсіпкер:
- Негізі жоба бойынша 100 ағаш сыйлауымыз керек болған. Бірақ қазір бастамасы ретінде 50 ағашты сыйлап, бастап жатырмыз. Осы қаланың тұрғыны болғандықтан оның тазалығына, өркендеуіне бәрімізде көмегімізді тигізсек керемет болар еді.
Аймақта өткен айдан бері экоакция аясында 560 тонна қоқыс шығарылды. Елді мекендерде 15 мың түп ағаш егілді. 49 саябақ қалпына келтіріліп, айналасы абаттандырылды.
Әсел Балманова, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Жылдың соңына дейін абаттандыру жұмыстарын жүргізу, электр шамдарын дұрыстау, сонымен қатар жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды ретке келтіру, автовокзалдар мен автотұрақтар, кәсіпорындар, бизнес орталықтардың барлығына сенбіліктер жүргізудің кестесі бекітілді.
Маңғыстауда 590 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның 50-ге жуығында сенбіліктер өтті. Туристер жиі баратын қасиетті орындарды жеке мекемелердің қамқорлығына беру бойынша жұмыс жоспары жасалып жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев