Қарағандыда Оқушылар сарайы ашылды

Қарағанды қаласының Пришахтинск елді мекенінде Оқушылар сарайы ашылды.

Енді балалар үйірмелерге қатысу үшін орталыққа қатынамайды. Сәулеті келіскен заманауи ғимарат зияткерлік білім, өнер, спорт үйірмелерінің соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған.

Қаланың ең үлкен елді мекендерінің бірі Пришахтинскіде бұрын мұндай Оқушылар сарайы болған жоқ. Балалар үйірмеге қатысу үшін орталыққа автобуспен қатынайтын. Халық тығыз орналасқан ауданда ұзақ уақыт кептелісте тұратын.

Әл-Мәнсұр Қайпеков, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Бізде бұрын мұндай Оқушылар сарайы болған жоқ. Жазыламын енді. Жазылмасақ болмайды. Өйткені мұнда оқығымыз келеді, үйірмелерге қатысып.

Оқушылар сарайының жалпы ауданы – 3 мың шаршы метр. Күн сайын 600 астам бала осындағы үйірмелерге қатыса алады.

Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Бір жыл бұрын осындай шешім қабылдап, мінекей, «Кәусар» атты орталық ашып отырмыз. Сонымен шын жүректен құттықтаймын. Робототехника, инженерия, балет барлығын осында топтастырып, сіздерге арнап отырмыз.

Оқушылар сарайында робототехника, қолөнер шеберханасы, экологиялық орталық, STEM зертханасы, зияткерлік және сәулет студиясы, ерте даму орталығы сынды үйірмелер тегін жұмыс істейді. Ерекше балаларға да жағдай жасалған. Сондай-ақ маңында спорт алаңы бар.

Әйгерім Исбекова, оқушылар сарайы директорының м.а.:

- Осы Пришахтинсктің 12 мектебінде 8 мыңға жуық оқушы бар. Сол оқушыларға бұл – үлкен мүмкіндік. Себебі бұл заманауи технологиялармен жабдықталған.

Бұл – Пришахтинскідегі тұңғыш қосымша білім беру ордасы. Енді балалар үшін болашақтың іргетасын қалайтын алтын ұяға айналады. Келер жылы дәл осындай Оқушылар сарайы Майқұдықта салынады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.