Атырау облысында тасқынға тосқауыл болғандар марапатталды

Атырау облысындағы тасқын судың алдын алуға қатысқан әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері өз жұмыстарын аяқтады.

2 ай бойы күн-түнмен санаспай, тер төккен құтқарушылар міндетін абыроймен атқарып, бүгін туған өлкелеріне бағыт алды. «Мұнайлы өңірді табиғи апаттан қорғауға еліміздің түкпір-түкпірінен 1800-ден астам адам келген. Қиын күнде өңір халқының жанынан табылып жүздеген елді мекенді аман алып қалғандардың  ерен еңбегі елеусіз қалмақ емес.

Атырау өңірін тасқыннан қорғау үшін ҚР Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшелері мен еліміздің 6 облысының құтқарушылары адам өмірі мен елді мекендерді тілсіз жаудан қорғап қалуға жанқиярлық көрсетті. Бүгін міндеттерін абыроймен атқарған 1800-ден астам құтқарушы туған жерлеріне қайтып барады.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Баршаңызға Атырау халқының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Табиғи қауіп біздің өңірімізге туған сәттен бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына орай бізге көмекке қолдауға жіберген болатын. Міне, сіздер бізбен бірге 2 ай бойы осы келген қауіпті сейілтуге бірге қоян-қолтық жұмыс істеп келдіңіздер. Қандай жұмыс атқарғандарыңызды ел көріп біледі.

Әскерилердің алғашқы легі Атырауға 4 сәуір күні жетіп, Қызылқоға ауданындағы 7 елді мекенді тасқын судан қорғауға атсалысты. Темірдей тәртіпке сүйенген отан қорғаушылар асау арнаны ауыздықтауда да табандылық пен батылдықтың үлгісін көрсете білді.

Шыңғыс Әрінов, ҚР ТЖ министрі:

- Тек Атырау облысының өзінде ғана топырақ үйінідісінен тұрғызылған қорғаныс бөгеттерінің арқасында 600 елді мекеннің суға кетуіне жол берлімеді. Ауылдық жерлердегі халық саны 422 мыңнан асатын. Жалпы алғанда жедел қабылданған шаралар 483 ауылды, 485 мыңнан астам азамат тұратын 118 мыңнан асатын үйді су басудан сақтап қалу мүмкіндігін берді.

Салтанатты шара барысында тасқыннан қорғау жұмыстарына белсене қатысқан бірқатар қызметкерге Төтенше жағдай министрі мен облыс әкімінің «Алғысхаты» табысталды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Жандос Рахметуллин.