«Ұлытау үні» фестивалі өтіп жатыр

Қасиетті Ұлытау жерінде биыл осымен 32-ші мәрте «Ұлытау үні» республикалық халық шығармашылығы фестивалі өтіп жатыр.

Жезқазған қаласында ұйымдастырылған өнер бәйгесіне еліміздің әр өңірінен 80 қатысушы келген. Олар сахнада ең алдымен шығармашылық орындау шеберлігін дәлелдеп, әртүрлі жанр бойынша өз өнерлерін ортаға салмақ.

«Ұлытау үні» фестивалі биыл 2 бірдей елеулі датаға орайластырылып отыр. Ол ең алдымен Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл және қазақтың әйгілі ақын-жазушысы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналмақ.

Ақжол Құрмансеит, Ұлытау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары:

- Бұл іс-шараның маңыздылығы – ең алдымен бұл сахнадан жоғары, алдыңғы буын ағалардың соңынан еретін талантты, талапты, дарынды жастардың көзін ашу.

Құрметті қонақтар қатарында елге танымал тұлғалар, атақты ақындар мен күйші-жыршылар бар. Дәстүрге сай халық шығармашылығы фестивалінің әр жылдардағы лауреаттары да осы өнер мерекесіне шақырылыпты.

Серік Оспанов, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

- Бүгін айтыс болайын деп жатыр. Көптен бері ұмытылып кеткен мынау командалық айтыс. Оның ішінде сүре айтыс, түре айтыс, айтыстың ұмытылып қалған түрлері қайтадан жаңғырып, ән сайысы болады, күй сайысы болады.

Бәсі биік байқауға қатысушылардың қызығушылығы жоғары болуы заңды. Алуан жүйріктің өнерін бағалаған қазылар құрамы да осал емес.

Қыдырбек Қиысханұлы, фестиваль қатысушысы:

- Тобыл-Торғай өңірі мен осы Ұлытау өңірінің тарихы бір, тағдыры ортақ. Қашаннан өнеріміз, мәдениетіміз жарасқан. Төскеде малымыз, төсекте басымыз қосылған елміз. Бүгін осы бар өнерімізді салып, осы қасиетті өлкеге келіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз.

Халық шығармашылығы фестивалі 3 күнге созылады. Өнер мерекесінің соңы гала-концертке ұласады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов.