Астанада 1200 бала «Балбырауын» күйін ойнады
Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Жарқын болашақ» балалар фестивалі өтті.
Шара аясында балаларға арналған әртүрлі ойындар мен сайыстар ұйымдастырылды.
Бүгінгі фестивальге 3000-нан астам бала қатысты. Шараның ашылу салтанатында 1 200 бала Құрманғазының күйі «Балбырауынды» күмбірлете ойнап, жиналғандарды тәнтті етті.
Ерназар Алтай, шараға қатысушы:
- Біз бүгін осы концертте 1200 бала болып, «Балбырауын» күйін ойнадық. Мен 11 жастамын. №67 мектепте оқимын. Домбыраға 3 жыл қатысып жүрмін. Көп бала өздерінің өнерлерін көрсетіп, бізге не үйренгенін көрсеткеніне рақмет айтамын.
Шараға 100-ден астам топ қатысты. Сондай-ақ жас суретшілердің көрмесі, қолөнершілердің жәрмеңкесі мен Қазақстан құрамасының жас шахматшылары – гроссмейстерлерімен бір мезгілде ойын сессиялары өтті. Фестивальдің мақсаты – бүгінгі мерекеде қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, балалардың жыл бойғы үйренген өнерлерін паш ету. Ол – балаларға да үлкен мәртебе, – дейді ұйымдастырушылар.
Салтанат Мұқсимова, «Астана қаласының мәдениет басқармасы» ММ мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы:
- Балалар күніне арналған бүгінгі тамашалап отырған мерекемізде бір мезетте 1200 бала домбыра тартты. Сонымен қатар шығармашылық үйірмелерден басқа спорттық іс-шаралар да өтті. Сонымен қатар сурет көрмесі де өтіп жатыр.
Бүгінде елордада 700-ден астам шығармашылық үйірме және 900-ден аса спорттық секция жұмыс істеп тұр. 50 мыңнан аса бала мемлекеттік және спорттық, шығармашылық бағытта білім алып жатыр.
Авторы: Зарина Кәп.