Қайырымдылық марафоны аясында 125 млн-нан астам қаржы жиналды
Астанада республикалық деңгейде қайырымдылық марафоны өтті.
Іс-шараның басты ұйымдастырушысы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат» қоры. Оған 2 мыңға жуық адам қатысып, 125 миллионнан астам қаржы жиналды.
Марафоншылар әдеттегідей таңмен таласып, триатлон паркке ағылды. Арасында қарапайым ұстаздан бастап танымал спортшыларға дейін бар. Тіпті үлкен ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де қайырымдылық шарасына белсене қатысып жатыр.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:
- Марафоннан жиналған қаражатты біз инклюзия бағытына пайдаланатын боламыз. Астана мектептерінде арнайы балаларға инклюзия сыныптарын ашамыз. Бүгінгі марафон арқылы біз 125 млн-нан астам қаражат жинадық. Мен де бұл марафонға қатысамын. Бүгін 10 шақырым жүгіремін. Себебі дені сау ұлт мықты ұлт болып табылады.
Қатысушылар 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар бойынша сынға түсті. Нәтижесінде 10 шақырымдық жарыс жолында Еркебұлан Ахмадиев бірінші болып мәре сызығын кесті.
Еркебұлан Ахмадиев, марафон жеңімпазы:
- І орынды анама арнаймын. Осымен 2-ші рет жеңіске жетіп тұрмын. Алматыдағы Бапкерім Нұрысбекке алғыс айтамын.
Ал 5 шақырымдық бәсекеде тағы бір Еркебұлан есімді атыраулық азаматтың мерейі үстем болды
Еркебұлан Аташов, марафон жеңімпазы:
- Жарыс жолы өте тамаша. Аздап жел болды. Жеке рекордым: 16:07. Бүгінгі уақытымды жаңартам деп едім, онымен болмай қалды. Келесіде жаңартамыз.
Марафон соңы «Таза Қазақстан» акциясына ұласып, еріктілер мен қатысушылар жүгіру алаңы мен саябақ аумағын қоқыстан тазартып, ретке келтірді. Марафоншылар іс-шараның жоғары деңгейде өткеніне қуанып, ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Тиісінше «Самұрық-Қазына» өкілдері де: «қашанда игі іске бастама болып, кез келген жағдайға қолдау білдіруге дайынбыз», – дейді.
Авторлары: Мерей Қанапия, Дастан Заманбеков.