Арқалықта су тасқынынан зардап шеккен 68 отбасы баспаналы болды
Арқалықта тасқын судан зардап шеккендерге 68 пәтер сатып алынды, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар бес қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «Әйгілі құрылыс компаниясы салып жатқан бұл үй қалаға ерекше сән беретін нысанға айналады», - дейді жоба жетекшілері. Арқалықта табиғи апат салдарынан үйсіз қалғандарды баспанамен қамту жұмыстарының барысы жайлы тілшіміз баяндайды.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалықта техникалық сараптама қорытындысында 94 үй апатты жағдайда деп танылды. Негізінен Екідін мен Қызыл жұлдыз ауылдарындағы баспаналар қатты зақымданған. Осы қос елді мекеннен 62 отбасыға қаладан пәтер сатып алынды. Солардың бірі – Қалиевтер отбасы.
Алмагүл Қалиева, Арқалық қаласының тұрғыны:
-Шүкір деп отырмыз енді. Аманбыз бәріміз. Баспанамыз бар. Дүниенің орны толады деп отырмыз. Өзіміз таңдап, ремонт жасап жатқаннан бастап қарап тұрдық. Істеп жатқан ремонттарын. Сол ұнап, сосын осы үйді таңдадық. Осы үйден басқа енді бізге артық жоқ.
Ал мына тұста бес қабатты жаңа үй бой көтермек. Осындағы елу пәтердің барлығы зардап шеккендерге беріледі. Еліміздегі ірі құрылыс компаниясы тұрғызып жатқан бұл үй, соңғы технологиямен салынған жайлы қоныс болмақ. Екі кіреберісінде жеделсаты,бейнедомофон, адамның бет жүзін анықтайтын Face ID орнатылады.
Тілек Рақымбеков, құрылыс компаниясының монолит директоры:
- Ерекшелігін айтатын болсақ, бұл тас арматура мен бетоннан каркасы құрастырылған. Бұл панелмен қапталады. Елу пәтердің бәрі де үш бөлмелі. Әрбір пәтер 80 шаршы метрден тұрады. Бәрімен қамтамасыз етіледі. Пәтердің іші таза, дайын үй. Бұл үйге кіретін адамдардың бағы жанып тұр жеп ойлаймын.
«Тұмар» деп аталатын бұл тұрғын үй кешеніне тасқын судан зардап шеккен облыстың оңтүстік аудандарының тұрғындары қоныстанады. Арқалықтан 19 адам осы жерден пәтер алуға өтініш беріпті. Сонымен үйсіз қалғандардың барлығы дерлік баспанамен қамтылады. Ендігі кезекте жөндеуге жарамды үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталмақ.
Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
- Бес қыстақты салынады деп жоспарлап отырмыз. 418 үй жөнделуге жатады деп отырмыз. Сол жөнделуге жататын 418 үйдің қазір бірінші кезектегі 50 пәтеріне құжаттарын дайындап, 204 миллион тенгеге «Көмек.kst» деген қайырымдылық қорға құжаттарын жібердік төлеуге. Сол төлемді күтіп отырмыз.
Жаңадан салынып жатқан бес қабатты үйдің айналысына ағаш егіліп, тас төселіп, абаттандырылады. «Ал пәтер кілттерін тұрғындардың қолына қазан айының басында табыс етеміз», - дейді құрылыс компаниясының өкілдері.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров