Қызылорда облысында биыл 67 тұрғын үй салынады
Оған 1200-ден астам отбасы қоныстанады.
Бұл үйлердің 30%-тен астамы аудан орталықтарында бой көтермек. Мысалы, биыл Қазалы ауданында баспана құрылысының көлемі үш есеге артқан.
Былтыр Қазалы ауданында 52 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал биыл аудан орталығында 150 пәтер салынып жатыр. Тұрғын үй құрылысын қыркүйекте бітіру жоспарланған. 80 шаршы метрлік пәтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға табысталады, – дейді мамандар.
Нұрбек Күзембаев, Қазалы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Үш тұрғын бөлмесі, асханасы бөлек, санитарлық бөлмесі бөлек. Барлығы орталық су жүйесімен, жылу жүйесімен қамтылады, газ жүйесімен қамтылады.
Бұл тұрғын үйлерді кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен салып жатыр. Тиісті құрылыс талаптарына сай келетін дайын пәтерлерді жергілікті атқарушы орган бюджет қаражаты есебінен сатып алып, баспана кезегі бойынша үлестіреді.
Мейрамбек Шермағанбет, Қазалы ауданының әкімі:
- Жалпы аудандағы құрылыс жұмыстарына ең бірінші сапаға мән берілетін болады. Ондағы құрылысқа байланысты материалдар бірінші кезекте жергілікті жерде шығып жатқан құрылыс материалдары пайдаланылады. Ауданда барлық сала бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтырғы жылы 23%-ке артық орындалды. Биылғы жылы да ауданда 5 млрд теңгеге жуық қаржыға құрылыс жұмыстары барлық салада жүріп жатыр. 130-140%-ке артық орындалатын болады.
Биыл Қызылорда облысында 1269 пәтерлі 67 тұрғын үй салынады. Оның 30%-тен астамы аудан орталықтарынан бой көтереді. Бұл мақсатқа бюджеттен 13 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.