Астанада күзде британдық Coventry университеті ашылады
Осы күзде Астанада британдық Coventry университетінің ашылуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы келісімге сәйкес, ағылшынның үздік халықаралық оқу орны бірқатар сала бойынша бакалавриат бағдарламасын ұсынады.
Coventry университеті студенттерді қабылдайды
- MBА, жаһандық бизнес, цифрлық маркетинг, ақпараттық технология, адам ресурстарын басқару. Бұл Coventry университеті ұсынатын бағдарламаның бір парасы ғана. Оқу ордасының бүгінде Египет, Морокко, Үндістанда бөлімшесі бар. Енді олардың қатарын Орталық Азиядағы бөлімше толықтырмақ.
Крэйг Блайт, Coventry университетінің жаһандық ықпалдастық жөніндегі өкілі:
- Кеше жаңа ғимаратты көріп қайттым. Бұл өзі бір тамаша, заманауи кампус болайын деп тұр. Қазақстандық студенттердің халықаралық стандартқа сай білім алуына жағдай жасалатынына сенімдімін. Себебі, Coventry – халықаралық жоғары білім саласындағы озық оқу орны. Қазақ әріптестермен бірге осы аймаққа қажет салалар бойынша мықты мамандарды даярлайтын боламыз.
Білім ордасы педагогтар үшін жоғары оқу орнынан кейінгі халықаралық сертификат бағдарламасын ұсынады. Оны тәмамдағандар халықаралық білікті оқытушы мәртебесіне ие болмақ.
Кэти Лич, Ұлыбританияның қазақстандағы елшісі:
- Білім беру – Ұлыбратания мен Қазақстанның 30 жылдық серіктестігінің өзегіне айналған. Көптеген адамның «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияны таңдайтыны қуантады. Енді, міне, қазақстандықтар үшін британдық білім анағұрлым қолжетімді болайын деп тұр. Соған өте қуаныштымыз. Екінің бірі Британияға бара алмайды ғой. Бұл – білім саласындағы керемет мүмкіндік.
Шетелдегі оқумен салыстырғанда Астаналық кампуста тиімді бағамен білім алуға болады. Ал түлектерге Coventry университетінің ғылыми дәрежесі беріледі. Оқу ордасы жаһанның жетекші компанияларымен серіктестік орнатқан. Демек, студенттер халықаралық тағылымдамадан өте алады. Университеттің Алматыдағы ашық есік күні 4 маусымда өтеді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Бағдат Қайыркен