Талдықорғанда «Менің рәміздерім – менің мақтанышым» акциясы өтті

Бүгінгі мерекеге орай Талдықорғанда «Менің рәміздерім – менің мақтанышым» акциясы өтті.

Ауқымды шара аясында «Патриоттар» шеруі ұйымдастырылды. Оған мәдениет қайраткерлері, білім және спорт саласындағы халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, еріктілер, менторлар мен студенттер қатысты. Ту ұстаған 500-ден аса адам қала көшелерімен жүріп өтіп, отаншылдық рухтағы әндерді шырқады.

Жетісу облысының регбишілері – Азия чемпионатының жеңімпазы. Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан саңлақтар мерекеде Елтаңбаны алып жүру мәртебесіне ие болды.

Ақтілек Болатхан, регбиден халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Ел алдында Елтаңбаны алып жүру – зор мақтаныш. Әрбір жарыста бізде бірінші мақсат – көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқату. Әнұранымыз шырқатқан кезде бізде ерекше сезім болады. Көзімізге жас келеді, рух жинаймыз.

Жастар саябағынан шыққан шерушілер Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов көшесі арқылы Жалайыр баба даңғылымен жүріп тутұғырға келді. Көпшілік облыстағы ең үлкен туды 92 метр биіктікке көтеру рәсіміне қатысты. Мыңнан аса адам бір мезетте әскери оркестрмен бірге Әнұранды шырқады. 

Еркежан Маратқызы, студент:

- Бүгінгі акция өте әсерлі өтті. Қаншама ту болды. Туды көтергенде өзіміздің әсеріміз күшті болды.     

Қайрат Жаңабаев, облыстық «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының төрағасы:

- 1991 жылы көк байрақты туымызды көтергенде көзімізге жас алдық. Өйткені бұл егеменді еліміздің Туы болатын. Оның артынан Елтаңбамыз, Әнұранымыз қабылданып, бұл – біз үшін өте ерекше күн.

Салтанатты шарада отаншылдық рухты оятатын патриоттық әндер орындалып, жиналғандарды ерекше сезімге бөледі. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.