Қостанай облысының қос ауданында 68 үй салынып жатыр
Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандарында тасқын судан зардап шеккендерге 68 жеке үй салынып жатыр.
Баспана «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры есебінен тұрғызылады. Қазір құрылыс алаңдарында жұмыс қауырт. Бір-екі айдың ішінде үйлерді тапсыру міндеті тұр. Жұмыс барысы, құрылыс сапасы тұрғындардың да, билік өкілдерінің де жіті назарында.
Амангелді аудан орталығының өз басында 18 үй салынып жатыр. Соның бірі Айтбай ауылынан Аймағанбетов отбасына тиесілі. Бүгін Мизам ақсақал баласын ертіп, жаңа үйлердің қалай салынып жатқанын көру үшін келіпті.
Мизам Аймағанбетов, Айтбай ауылының тұрғыны:
- Мұндай жағдайда мұндай көмек беру деген ол қай мемлекет болмасын, ол біреуінің қолынан келеді, біреуінің қолынан келмейді. Осындай көмек беріп жатқандығына Президентіміз Тоқаевқа рақмет. Бүгін салынып жатқан үйді көріп кетейік деп келдік, міне, көңіліміз толды.
Амангелдідегі 18 үйді 5 медігер салып жатыр. Құрылысшылар: «баспаналар мықты, жылы болатындығына кепілдік береміз», – деп отыр.
Жангелді Көкжанов, құрылыс учаскесінің бригадирі:
- Бұл үйдің сапасы керемет болады деп ойлаймын. Қабырғалары – «газоблок». 25 см. Сосын 10 см «утеплитель». Содан кейін қызыл «облицовкасы» кетеді. Үш қатар сайын периметр бойынша арматура саламыз.
Жоспар бойынша бұл үйлер шілде айында тапсырылуы тиіс. Аманкелді ауданында баспанасы апатты жағдайда деп танылған 98 отбасының 27-сі осы жаңа үйлерге қоныстанады. Қалғандарына өз қалауы бойынша Арқалық қаласынан және аудан орталығынан пәтер сатып алынды. Облыс басшысы оңтүстік өңірлерге барған сапарында жұртты мазалаған сұрақтарға жауап берді. Зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Президент тапсырмасына сай жасап отырған көмек ол басқа мемлекеттермен салыстырсақ, едәуір көп. Анау басқаларында бір төлем жасайды да, сосын бітті. Ал Президенттің тапсырмасымен үй жарамсыз деп есептелсе, жаңа үй немесе сатып алатын жағдай. Ескі үйлер... Оның да «оценкасын» жасап жатыр.
Аманкелді ауданында су басқан 62 үй күрделі жөндеуден өтетін болды. Оларды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.