«KEGOC» компаниясының кіріс көлемі артты
«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясының» кіріс көлемі едәуір артқан.
Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда компания қызметінен түскен табыс 85 млрд теңгеден асты. Бұл туралы «KEGOC» акционерлік қоғамы хабарлады.
Елордада KEGOC компаниясы акционерлер алдында есеп берді. Шарада ұйым қызметінің соңғы 15 айдағы жұмыс нәтижесі, инвестор тарту ахуалы мен даму жоспары сөз болды. Көпшілік кіріс көлемінің 2023 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 40%-ке өскеніне назар аударды. Басқарушылардың айтуынша, бұған компаниядағы жаңа қызмет себеп болған.
Айгүл Әкімбаева, «KEGOC» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры:
- «Бірыңғай сатып алушы нарығының» іске қосылуы нәтижесінде электр энергиясы енді «есептік-қаржылық орталық» арқылы сатып алынады. Бұл бізге жаңа қызмет түрін қосты. Қазір электрді жеткізу, теңгерімдеу және диспетчерлеу қызметімен бірге Ұлттық электроэнергетика жүйесіне қосу фунцкиясын да атқаратын болдық.
Мұндай нәтиже акционерлер сеніміне ие болуға оң ықпалын тигізеді. Компанияның 85%-ін иемденген «Самұрық-Қазына» өкілдері де мұны растап отыр. Басты акционер былтыр қарашада KEGOC-тің құнды қағаздарынан келетін табыстың артқанын тілге тиек етті.
Салтанат Сәтжан, «Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры:
- Қазіргі кезде «KEGOC» компаниясының нарықтағы қағазы өте жақсы. Әрі әр күн сайын 100 млн, 70 млн теңгеге «KEGOC» компаниясының акцияларын сатып алу және сату жүргізіледі. SPO-ға дейін ондай көлемі тек қана 5-6 млн теңгені құрады.
Бұдан кейін акционерлер кірісі 10%-тен асып, 2023 жылдың қорытындысы бойынша үлескерлерге 22 млрд теңгеге жуық дивиденд төленген. Компания жұмысына халықаралық рейтинг агенттіктер де оң бағасын берген. Алда цифрландыру, жасанды интеллект жұмысын жандандыру мен қауіп-қатерді алдын ала болжау арқылы шығындарды азайтып, кіріс көлемін одан әрі арттыру жоспарланған.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Ербол Дайыров.