Қарағандыда 3 мың адам бір мезетте Әнұранды шырқады

Бүгін Қарағандыда 3 мың адам ту тұғырының жанында еліміздің Әнұранын шырқады.

Осылайша кеншілер қаласының тұрғындары бүкіл отандастарымызбен бірге Мемлекеттік рәміздер күнін кеңінен атап өтті. Салтанатты шара «Туған жерім – Қазақстан!» патриоттық форумына ұласты.  Толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

3 мың адамның басын қосқан форумның маңызы зор. Бұл – елдіктің белгісі мемлекеттік рәміздерге деген қарағандылықтардың құрметі.

Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Мемлекеттік рәміздер күні біздің жүрегімізде ерекше орын алады. Өйткені бұл – жай ғана атрибуттар емес, тарихымыздың, мәдениетіміздің және бірлігіміздің бейнесі. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бүкіл әлемге танымал болды. Бұл еліміз үшін мақтаныш сезімін тудырады. Бүгін жастардың көптеп келгеніне қуаныштымын. Біздің міндетіміз – жастардың бойында отансүйгіштік сезімді сіңіру.

Форумда патриоттық тәрбиені дамытуға қосқан үлесі, кәсіби жетістіктері, қоғамдық белсенділігі үшін бірқатар үздікке алғысхаттар табысталды. Олардың арасында биыл су тасқыны кезінде күрделі операцияларға қатысқан құтқарушы Әсем Қалдыбаева да бар.

Әсем Қалдыбаева, облыстық ТЖД қызметкері:

- Еңбегімізді елеп, марапаттап жатқанына мың алғыс. 3000 адам бірге ҚР Әнұранын шырқағаны керемет болды, үлкен сезімді болдық. Бұл біздің халқымыздың бірлігін білдіреді.

Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері де қатысып, ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы болған қазақ халқына алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады.

Форум соңында авто, мото және веложарыс бастау алды. Дәл осындай ауқымды шара өңірдің барлық қала, аудандарында өтті. Көшелерде жалаулар мен стикерлер таратылды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.