Шымкентте дәстүрлі Ту көтеру рәсімі өтті

Мемлекеттік рәміздер күні Шымкентте де кең көлемде атап өтілді.

Дәстүрлі Ту көтеру рәсіміне жүздеген қала тұрғыны қатысты. «Тәуелсіздік» алаңында өткен шарада мегаполистегі ең үлкен Ту зеңгір көкте желбіреді.

Шымкенттегі «Тәуелсіздік» алаңы аспанкөк түске боялғандай. Қолдарына еліміздің көк байрағын ұстаған жұртшылықтың көңіл күйі аса көтеріңкі. Көбі күнделікті күйбең тірліктен бір сәтке бас тартып, мерекені тойлау үшін осы жерге жиналған. 

Гауһар Төлепова, «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы:

- Бүгінгі үлкен мереке, ұлы мерекемен барлық жерлестерімізді Қазақстан халқын құттықтаймын. Туымыз көк аспанда желбіреп, әніміз қалықтап, Елтаңбамыз жарқырай берсін. 

Мемлекеттік туды көтеру дәстүрі – мереке қарсаңындағы ең маңызды рәсім. Қаланың көрікті жерінде қалықтаған көк байрақ алыстан көз тартады. Биіктігі 50 метр болатын тутұғырға зер салғандар қатарында шетелдік туристер де аз емес.

Штефан Кайзе, турист:

- Менің Қазақстанда саяхаттап жүргеніме 3 апта болды. Ынтымағы жарасқан бейбіт елді аралай жүріп түйгенім көп. Бүгін, міне, Шымкентте Мемлекеттік рәміздер күні іс-шарасына куә болдым. Маған сіздің елдің Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны өте ұнады. Қазақстан тұрғындарының шынайы патриотизмін сезіндім. Адамдары да мейірімді әрі ашық-жарқын екен. 

Патриоттық шеру мегаполистің орталық көшелерінде жалғасты. Мемлекеттік рәміздер күні тек Ту мен Елтаңбаға және Әнұранға ғана көресетілетін құрмет емес. Атаулы мереке әрбір ел тұрғынының тәуелсіздікті нығайтуға және бейбітшілікті сақтауға деген ізгі ұмтылысын білдірсе керек.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.