Өнерпаздар Есіл жағалауында мерекелік концерт берді

Рәміздер күнінде өнерпаздар елордалықтар мен қала қонақтарына мерекелік концерт ұсынды.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістері ерке Есіл жағалауын әуезді әнге бөледі. Ал Ұлттық ұлан оркестрі көпшілікке тосын сый әзірлеген.

Бұл кешкі серуенді елордалықтар ұзаққа дейін ұмытпасы хақ. Ерке Есіл жағалауына жиналған көпшілік тосын сыйға тап болды. Сыптай киініп, сапқа тұрған Ұлттық ұлан оркестрі Атырау көпірін бойлай жүріп өтті. Салтанатты шеруде әскери қызметкерлер Әнұранды шырқады. Жүрек тебірентер көрініс ешкімді бейжай қалдырмағаны сөзсіз.

Тимур Рахимов, ҚР Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Ұлттық рәміздеріміз – біздің мақтанышымыз. Әр азамат оны ұлықтауға міндетті. Ұлттық ұлан қызметкерлері де осы ұстанымды берік ұстанады. Жас ұрпақтың бойына сіңіруге тырысады. Бүгінгі шара – соның айғағы.

Бұдан кейін көпшілік назары Кенесары хан ескерткішіне ауды. Өйткені жағалаудағы думанды шара мерекелік концертке ұласты. Жиналған қауым өнерпаздармен бірге елге белгілі композиторлардың туындыларын шырқады. Олардың қатарында Ескендір Хасанғалиев, Шәмші Қалдаяқов, Медет Салықов, Төлеген Мұхамеджановтың патриоттық әндері бар.

Ұлықпан Жолдасов, әнші, композитор:

- Жастарымыз аман болсын. Патриот болайық өз елімізде. Туымыз төмен түспесін. Көркейе берсін еліміз. Аман болайық.

Ұлттық рәміздер – елдігіміздің нышаны. Оны құрметтеу – баршаға ортақ парыз. Мерекелік концертте өнер көрсеткен Майра Ильясова, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахым сынды майталмандар мен түрлі музыкалық байқаулардың лауреаттары осыны жеткізді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жанаман Ерғалиев.