Оралда тасқыннан зардап шеккен 52 отбасы баспаналы болды

Орал қаласында 52 отбасына  жаңа пәтердің кілті тапсырылды, деп хабарлайды 24kz.

Олар су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындар. Екі ай бойы тума-туыстары мен эвакопункттерді паналап келген жандардың қуанышында шек жоқ. Жалпы облыс орталығында табиғи апаттан баспанасы бүлінген 3 мыңға жуық саяжай иесіне пәтер беріледі.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- 4 бала тәрбиелеп отырған Айтқалиевтер отбасы бұрын Жайықтың жайылмасындағы бау-бақша серіктестігін мекендеген. Саяжайдағы жалғыз баспанасы суға кеткелі эвакопунктті паналауға мәжбүр болды. Енді бүгін бар қиындық көрген түстей артта қалды.

Ризабек Айтқалиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Үйіміз суға кетіп қалғанын ескеріп, көпбалалы деп осы үйді беріп жатыр екен. Мың да бір алғыс баршаңызға! Суға кеткендердің баршасына да үй бұйырсын дейміз! Құтты болсын дейміз!

Тілегеновтер отбасына да бүгін баспаналы болу бақыты бұйырды. 5 балалы отбасы тасқынға тап болғанда абдырап қалғандарын айтады.

Жарас Тілегенов, Орал қаласының тұрғыны:

- Бүгін хабарласты, келіп қараңыздар деп өздері ұсынды. Сосын қарап алдық. Үй жақсы, өте керемет, ұнады, ұнағасын алып жатырмыз.

Су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтуға ірі компаниялар, қаржы институттары жәрдемдесіп жатыр.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Жаңа үйлерден 52 пәтерді тапсырып жатырмыз. Біреуі осы біз тұрған үй. Одан бөлек, тұрғындар өздерінің қалауына байланысты сатылымдағы үйлерді алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға, жерлестерімізге қолдау көрсетілетін болады.

Орал қаласында 14 мың жарымдай саяжай учаскесін су алса, соның 8500-інде үй-жай бар екен. Күні бүгін бүлінген баспаналарды бағалауға өзге өңірлерден де сарапшылар шақырылған. Техникалық тексерістен өткен мың жарым үйдің 80%-і жарамсыз деп танылған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов