Ақтөбеде жүзден астам адам «Таза су айдыны» іс-шарасына атсалысты
Ақтөбеде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өзен-көлдердің жағалаулары тазартылып жатыр.
Бүгін 100-ден астам адам «таза су айдыны» шарасына қатысып, шомылу орындарының маңындағы күл-қоқыстарды жинап арнайы полигонға жіберді. Мұндай жұмыс жаз бойы жалғаспақ. Бұл тазалық акциясына жастар ұйымдары да атсалысатын болады.
Экологиялық акция Ақтөбе су қоймасының аумағында өтті. Мұнда бірнеше шомылу орны болғандықтан, келушілер көп. Сондықтан шашылып жатқан қоқыс та аз емес. Әрі биылғы су тасқынынан кейін тал-теректің арасы қалдыққа толған. Жастар мен еріктілер барлығын теріп, тазалады.
Нұржан Шаңғытбаев, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының төрағасы
- Бұған дейін біздер "Жасыл елдің" сарбаздары арқылы "таза жағалау" акциясы аясында Қарғалы өзенінің жағалауын жинаған болатынбыз, Елек өзенінің жағалауын жинап осы кезге дейін 100-ден астам тонна күл-қоқысты шығарып қалалық полигонға жіберген болатынбыз. Жағажай маусымы басталғалы тұр өздеріңіз білесіздер. Сол себепті біз жаз бойы жинайтын боламыз.
Жағалаудан өзге, су асты да тазартылды. Бұл үшін балық шаруашылығы инспекциясы мен балық аулау спорты федерациясының өкілдері бірлесіп, суда қалған аулар мен қоқысты жағаға шығарды. Екі бірдей ұйым шомылу маусымы қарсаңында мұндай жұмысты жиі өткізетін болған.
Мирболат Өтеғұлов, облыстық балық аулау спорты федерациясының төрағасы:
- Судың ішінде аулар болады, аулармен бірге жиналып қалған қоқыстардың бәрі сол арқылы шығады бізде. Және сосын жарты команда жағалаудан мусорлар жинайды. Қыдыратын адамдар тастап кетеді. Әр адам өз артынан мусор жинаса, онда ешқандай табиғатымыз лас болмайды деп ойлаймын.
Бүгін бұл маңнан 40 тонна көлемінде күл-қоқыс шығарылды. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әлі де жалғасын табады. Оған белсене қатысып жүрген «Жасыл ел» жастар жасағының мүшелері жаз бойы Елек, Сазды өзендерінің жағасын таза ұстауға үлес қоспақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков