«Алматы марафоны» туралы деректі фильм жарыққа шықты

Туынды «Бәріңіз қайда жүгіріп барасыздар?» деп аталады. Дәстүрге айналған ауқымды жарыс қала тұрғындарының бұқаралық спортқа деген көзқарасын өзгертті, деп хабарлайды 24kz.

Ең алғашқы марафон 2012 жылы өткізілген. Содан бері оған қатысушылардың саны артты. Деректі фильмнің тұсаукесеріне біздің тілшілеріміз де қатысты.

«Алматы марафоны» қазір ірі халықаралық жарысқа айналды. Жыл сайын оған қатысуға әлемнің жүздеген елінен кәсіби және әуесқой желаяқтар келеді. Алғашқы марафон 2500 адамды жинады. Он жыл ішінде жүгіруге ниет еткендердің саны 15 мыңнан асты.

Салтанат Қазыбаева, «Алматы марафоны» директоры:

- Жыл сайын Алматы марафонына қатысушылардың саны артып келеді. Жалпы қазір Алматыда спорт қолжетімді. Жобамызды одан әрі дамытып, саламатты өмір салтын  насихаттауға тырысамыз. Бұл фильмде адамның  жүгіруге деген ынта-жігері, ниеті көрсетіледі.  Спорт адам өмірін жақсартады. Алматы марафоны арқылы қала тұрғындарының спортқа деген көзқарасы өзгерді.

Деректі фильмде жүгірумен шұғылдана бастаған қарапайым жандар сөйлейді. Фильм тек спортпен шұғылдану жайында ғана емес. Адам тағдыры, арманы мен мақсаты, жүгіру арқылы өмірлік бір жетістіке жетудің мысалдары келтіріледі. Режиссёрлері – Қанат Бейсекеев пен  Мақсат Әбітаев.

Қанат Бейсекеев, режиссёр:

- «Алматы марафонмен» бірігіп, осы деректі киноны шығаруыма өте қуаныштымын. Ол бірінші бөлімі. Тағы да содан соң екінші, үшінші бөлімі болады енді. Өйткені бұл тек қана алматылықтардың оқиғасы емес. Басқа бір қазақстандықтың да жеке оқиғаларымен байланысып, бір спортқа деген, халыққа деген үлкен үлес қосады деген сенімдемін осы жобамен.

Фильмде Алматы марафонын ұйымдастыру, жарысты өткізу, қауіпсіздік, қаладағы спорттық инфрақұрылымның дамуы қамтылған.

Авторлары: А.Садуақас, Ә.Нарымбаев