Астық өндірісін қаржыландырудың жаңа бағдарламасы қолданысқа енгізілді
Елімізде көктемгі егіс, күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландырудың жаңа бағдарламасы қолданысқа енгізілді.
«Кең дала-2» деп аталатын несиелеудің жаңа шарттары шаруалардың көңілінен шықты. Қостанай облысында соңғы айда бұл бағдарлама бойынша «Аграрлық несие корпорациясына» 99 өтінім келіп түскен. Астық өндірісін қаржыландырудың жаңа тәсілі несімен тиімді?
«Кең дала-2» бағдарламасы бойынша несие алғандардың бірі – Асқар Аманов. Шаруаның 12 мың гектар егістік жері бар. Негізінен астық тұқымын өндіреді. Сондықтан агротехникалық шараларды уақытылы сапалы өткізу аса маңызды. «Аграрлық несие корпорациясы» оған көктемгі дала жұмыстарын қаржыландырудың жаңа жүйесін ұсынғанда қуана келіскен.
Асқар Аманов, шаруа:
- «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 150 миллион теңге алдым. Соның арқасында дәнді дақылдар себу жұмыстарын толық атқардым. Ең бастысы, проценттік мөлшерлемесі бұрынғыдан төмен, небәрі 5%. Тез рәсімделеді. Менің қолыма несие екі күннің ішінде тиді.
Жаңа бағдарлама бойынша қаржы алып үлгергендер оның тиімді тұстарына көз жеткізген.
Анатолий Сергеев, шаруа:
- Ақшаны алудың шарты қарапайым және ыңғайлы. Ешқандай кідіріс жоқ. Кеңсе кезіп, қағаз толтырып уақыт жоғалтпайсың.
«Кең дала-2» бағдарламасы аясында Қостанай облысына 50 миллиард теңге бөлініп отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» бас-аяғы бір айдың ішінде 65 фермерді қаржыландырған.
Мэлс Байболов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ҚФ директоры:
- Қазір филиалда бізде 10 млрд-қа дейін өтінім тіркелді. Сол өтініммен біз жұмыс істеп жатырмыз. Қазір уақытта сол бағдарламамен біз 2 млрд-қа дейін өтінімдер қаржыландырылды.
Сонымен жаңа бағдарламаның қандай ерекшелігі бар? Бұрын Үкіметтен субсидия алып, несиенің бір бөлігін жабудың машақаты көп еді. Қаржыны айлап, жылдап күтуге мәжбүр болатын. Енді ешқандай қосымша рәсімдерсіз төмендетілген несиеге қол жеткізуге болады. Шарулардың тағы бір бас ауруы – кепілдік дүниесі жетіспей жататын. Бұл мәселе де шешімін тапқандай. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша алған қарыз сомасының 85%-ін «Даму» қоры кепілдендіреді.
Марлен Нәбиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Фермерлерге уақытылы несие беру ұсынысы бойынша біз өзіміздің барлық процестерді жеңілдеттік. Бұл бағдарлама бойынша документ тапсырғаннан кейін 5 күннің ішінде тездетіп қарастырылады. Фермердің өтініштерін 500 миллионға дейін тек филиалдар қарайтын болады. Бұрын егер 200-300 миллионнан филиалдың лимитіне байланысты орталық аппаратқа тағы жіберілетін болса, қазір филиал тікелей қарастыра алады.
Фермерлер қаржыны «Аграрлық несие корпорациясының» филиалдарынан және екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар мен микроқаржы ұйымдары арқылы алады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.