Абай облысында 101 әлеуметтік нысан салынады
Биыл Абай облысында 100-ден аса әлеуметтік нысан салынады. Олардың қатарында аурухана, мектеп, мәдениет және спорт кешендері бар.
Сонымен қатар өңірде тұрғын үй құрылысы жүзеге асырылады. Алдағы уақытта 4 мыңға жуық отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері кеңейтілген жиында талқыланды.
Абай облысының құрылғанына 2 жыл өтті. Осы қысқа уақыт ішінде өңір барлық сала бойынша өсім көрсетті. Әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң көрсеткіштер бюджеттің екі есе ұлғаюы дәлел. Қазір бұл сома 450 млрд теңгеге жетті.
Әділет Қожанбаев, қаржы басқармасының басшысы:
- Жыл соңына дейін 125,5 млрд теңге көлемінде меншікті кірістердің түсуі күтіліп отыр. Әлеуметтік саланы қолдауға үнемі басымдық беріледі. Бюджеттің 54% әлеуметтік салаға, 36% нақты секторды дамытуға бағытталған. Облыстың әрбір қаласы мен ауданының дамуына бірдей көңіл бөлінеді. Тек Семей қаласының бюджеті 2022 жылмен салыстырғанда 36,2% артып, 97,2 млрд теңгені құрады.
Жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар 101 нысан тұрғызылады. Бұған бюджеттен 95 млрд теңге бөлінеді. Кешенді жоспарға сәйкес өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология және туризм салаларында қолға алынатын жобалар жетерлік. Оның бірқатарында Абай облысы республика бойынша көш бастап тұр.
Дулат Тастекеев, меценат:
- Өзіміздің облысымызда «IQanat» бағдарламасын қолдап жатырмыз. Сонымен қатар осы Семей қаласында арнайы іскерлік форумдарды, бизнес-форумдарды өткізіп, мықты спикерлерді әкелу арқылы адамдардың потенциалын ояту, жетілдіру – біздің мақсаттарымыздың бірі.
Мейрамхат Айнабеков, қоғамдық кеңестің төрағасы:
- Екі жыл деген – облыс құрғанға қас қағым ғана уақыт. Көп уақыт емес. Облысымызда көптеген өндіріс орны ашылатынынан хабардар болдық. Ол – Аягөз ауданында үлкен бірнеше миллиардтық жобада кен байыту зауыты іске қосылатыны. Алтынға байланысты үлкен кен орындары ашылатынынан хабардар болдық.
Инвестиция тарту бағытында атқарылған ілкімді іс көп. Осы ретте 2028 жылға дейін 28 жоба жүзеге асыру көзделген.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Әсем Өтешева.