«Qarmet» қызметкерлері үздік атанды

Астанада «Алтын Гефест-2024» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Сайыс тау-кен саласындағы ірі компаниялардың қызметкерлері арасында өтті. Нәтижесінде Қарағанды металлургия комбинатының өкілдері бірнеше номинация бойынша көзге түсіп, өзгелерден оза шапты.

«Алтын Гефест» – тау-кен өндіру саласындағы қызметкерлер үшін ең бағалы сыйлық. Осымен 13-ші рет ұйымдастырылып отыр. Оған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар қатысады. Іріктеуде барлығы 250-ден астам адам бақ сынады. Олардың арасынан Қарағанды металлургия комбинатының кеншісі Иван Шеремет «Жыл шахтеры» номинациясын иеленді.

Иван Шеремет, жыл шахтеры:

- Эмоциямды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы саланы, осы мамандықты таңдағаныма қуанамын. Кеудемді мақтаныш кернеп тұр. Осы жетістікке ең бірінші өз бригадамның арқасында жеттім. Бұл біздің шахта үшін кезекті жеңіс дер едім. Өнәркәсіп саласында 2006 жылдан бері жүрмін. Көзді ашып-жұмғанша 18 жыл өтіпті. Qarmet компаниясында кіл мықтылар қызмет етеді. Алдағы уақытта да осындай байқауларда бізді қызметкерлердің жеңіске жетеріне сенімдімін.

Сондай-ақ, «Qarmet» компаниясының тағы бір өкілі Владимир Филиппов «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды. Ол өнеркәсіп саласында 50 жылдан бері жүр. Түбінде ақ адал еңбегі ақталып, көптің қолы жете бермейтін төсбелгіні кеудесіне тақты.

Владимир Филиппов, жедел өндірісті жоспарлау жөніндегі директор:

- Марапатталатынымды шынында күткен жоқпын. Бұл тек менің ғана жеңісім емес. Комбинаттағы өзге жұмысшылардың да еңбегі орасан екенін айтқым келеді. Мен өз мансабымды қарапайым операторлықтан бастадым. Әрі қарай шебер, аға шебер, бөлім басшысы секілді қызметтер атқардым. Мен үшін қызметтегі ең басты құндылық – өзгелерді алдамау, өтірік айтпау. Алдағы уақытта өз командама жетістік тілеймін. Комбинат алдына қойған жоспарды толығымен орындау үшін барын салады.

Айта кетейік, «Qarmet» – ТМД-дағы ірі металлургиялық компаниялардың бірі. Бүгінде аталмыш кәсіпорын өндірісті жаңғыртып қана қоймай, өңірдің экологиялық қорғалуына да себепші болып жүр.

Авторлары: Мерей Қанапия, Серік Қоңырбаев.