Елордада «Зиянды әдеттеріңді спорттық құралдарға алмастыр» акциясы өтіп жатыр
«Зиянды әдеттеріңді спорттық құралдарға алмастыр». Елордада осындай атаумен ерекше акция өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Игі шараға Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мұрындық болды. Мамандар жастарды вейп, электронды темекі сынды зиянды әдеттерден арылуға шақырып, қолдау білдірді.
Акцияның басталғанына 4 ай болған. Ерекшелігі, ұйымдастырушылар спортшылармен бірлесіп, қала жастарына тегін бокс қолғаптары мен теннис ракеткаларын тарту етіп жатыр. Тек бір шарты бар. Қолыңдағы вейп пен электронды темекіңді тастап, спорт тауарларына айырбастайсың.
Абзал Өкенов, спортшы:
- Көп бала, кішкентай балалар сондайға әуес. Сондықтан спортқа тартқан дұрыс деп ойлаймын кішкентай кезінен. Енді біздің айтуымыз, көрсетуіміз жастарға, парыз ғой. Әрі қарай өздері шешім қабылдайды деп ойлаймын. Әрқайсының артынан жүре алмаймыз ғой біз.
Асыл Мүрсәлім, қала тұрғыны:
- Қазір жастардың көбі темекі шегеді. Олардың арасында өзім де бармын. Тіпті мектептегі 8-9 сынып оқушыларының вейп тұтынуы әдетке айналып барады. Сондықтан осы акцияны қолдап, электронды темекіден бас тарттым. Енді жиі-жиі спортпен шұғылдануға тырысамын.
Акция мақсаты – жастар мен жасөспірімдерді айыптау емес, керісінше, дұрыс жол сілтеп, қолдау білдіру. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы», – дейді ұйымдастырушылар.
Сұлтан Өмірғалиев, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы:
- Президентіміз кезекті құрылтайында айтқан болатын осы вейп, насыбайға байланысты тыйым саламыз деген сияқты. Соған байланысты біз осындай акцияны өткізіп келе жатырмыз. Осыған дейін Астана қаласының Есіл, Сарыарқа, Нұра, Алматы аудандарында, бүгін, міне, Байқаңыр ауданы әкімдігімен бірлесіп, өткізгелі жатырмыз. 40 шақты спорттық құрал алып келдік. Жоспарымыз бойынша 15 шақты адамға нисихаттап, cпортқа баулимыз деген үміттемін.
Игі шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Ұйымдастырушылар игі бастаманы өзге қалаларға челлендж ретінде жолдап, республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Мерей Қанапия, Жандос Битабаров.