Қостанай облысының Алтынсарин ауылында 21 үй салынып жатыр

Қостанай облысының Алтынсарин ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге 21 жеке үй салынып жатыр.

Одан бөлек, мердігерлер бүлінген баспаналарды жөндеуге кірісті. Жауаптылардың айтуынша, барлық жұмыс   шілде айына дейін толық аяқталады.

Алтынсарин ауылында тасқын судан 151 үй бүлінді. Оның 74-і апатты жағдайда деп танылған. Баспанасыз қалғандардың басым бөлігіне облыс орталығынан пәтер сатып алды. Қалаға көшуді қаламаған 21 отбасына ауылда үй салынып жатыр.

Бағдат Мұқанов, аудан әкімінің орынбасары:

- Бір үйдің өзі 80 шаршы метрді құрайтын болады. Үш бөлмеден тұрады, сангузель ішінде болады. Ішінде ламинат, тұсқағаз, дайын үй тапсырылады. Әр учаскесі 10 соткадан берілетін болады. Электр қуатымен, сумен, газбен барлық қамтасыз етіледі.

Салынып жатқан әр үйдің жобалық құны – 22 миллион 880 мың тенге. Құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде ешқандай кедергі жоқ, – дейді мердігер.

Антон Пресный, мердігер мекеме өкілі:

- Әр үйдің жобасы бар. Іргетасы темірбетоннан құйылған. Ішіне топырақ төселіп, нығыздалады. Едені бетонмен тегістеледі. Кәріз, су желісі тартылды. Енді қабырғасын көтеріп, төбесін жабу қалды.

Алтынсарин ауылында 37 үй жөндеуді қажет етеді. Соның бірі – Любовь Подзноеваның баспанасы. Су басқан ескі үйдің еден, қабырғасы бүлінген.

Любовь Подзноева, ауыл тұрғыны:

- Еден тақтайларын алып тастады. Астына енді жылу ұстағын материалдар төсеп, бетон құяды. «Қабырғаларын тегістеп, жөндеп береміз», – деді. Мен өте ризамын. Барлығыңызға көп рақмет.

Мұнда кейбір үйге ағымдағы, енді біріне күрделі жөндеу жасалады. Орташа есеппен әр баспананы қалпына келтіруге 5-6 миллион тенге бөлінді.

Анар Әбдірахманова, мердігер мекеме өкілі:

- Бұл үйлер қамыстан салынған. Біз оны бастан-аяқ жөндеп шығамыз. Қабырғаларды алмастырып, енді бірін алып тастадық. 25 жыл тұрған үйді 100% танымастай жаңартып шығардық.

Жөндеу жұмыстарын мердігерлер маусымның аяғына дейін аяқтаймыз деп отыр. Ал салынып жатқан үйлер шілде айында тапсырылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров.