Атырауда мамандандырылған соттың жаңа ғимараты ашылды
Сот төрелігі стандарттарын ескере отырып, заманауи үлгіде салынған жаңа нысанның құрылысына облыс әкімдігі қолдау білдірген.
Салтанатты рәсімге Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров және облыс әкімі Серік Шапкенов қатысты.
Ауданы 9 мың шаршы метр болатын 4 қабатты жаңа ғимаратта әкімшілік, қылмыстық, тергеу, ювеналды және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот орналасқан. Нысанда прокурорлар, адвокаттар, қорғаушылар мен медиаторлар, сондай-ақ билер отыратын арнайы бөлмелер қарастырылған. Әр зал заманға сай жабдықталған.
Гүлжиян Мүтиева, қалалық мамандандырылған тергеу сотының төрағасы:
- Бұрын мамандандырылған соттан Азаттық даңғылы бойында орналасқан №140 ғимаратта қызметін атқарып келген болатын. Бұл ғимарат өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғында сотқа пайдалануға берген еді. Ол ғимарат 1997 жылдан бастап авариялық жағдайда деп танылған еді. Пайдалануға беріліп отырған жаңа ғимаратта тек қана судиялар мен сот қызметкерлеріне ғана емес, халық үшін, сотқа келушілер үшін де жақсы, оңтайлы жағдайлар қарастырылған.
Соттың жаңа ғимаратында 17 сот залы бар. Оның екеуі алқабилердің қатысуымен өтетін процестерге арналған.
Женни Жұмалиева, отставкадағы судья, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:
- Бұл облыс қана емес, жалпы ел бойынша сот жүйесіндегі елеулі оқиға десек болады. Өйткені 5 мамандандырылған сотқа арналған жаңа ғимарат бүгін пайдалануға беріліп отыр. Мұндағы әр зал Сот төрелігінің барлық стандартына сай салынған.
Соттың жаңа ғимаратында келушілер үшін де жағдай жасалған. Арнайы бөлме қажетті құрылғылармен жабдықталған. Қауіпсіздік жүйесімен де толық қамтылған.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов