«ҚазАгроҚаржы» АҚ «Өз жемшөбіміз» бағдарламасын жоспарға сай жүзеге асырды

20 млрд теңгеге 3,5 мың техника. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы «Өз жемшөбіміз» бағдарламасын былтыр жоспарға сай жүзеге асырды.

«Фермерлер жеңілдетілген лизинг негізінде мал азығын дайындау жұмыстарын жеделдетті», – дейді мамандар.

Кейінгі жылдары жемшөп жинау шаруалар үшін оңайға түспеді. Бірін қуаңшылық, бірін зиянкестер тығырыққа тіреді. Оларға «ҚазАгроҚаржы» компаниясынан тиімді жоба ұсынылып, техникалар бастапқы төлемсіз ұзақ мерзімге берілді. Дегенмен қоғамда жобаға бөлінген қаражат игерілмегені туралы ақпарат тарады.

Еркебұлан Жұмжаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Айтылған ақпарат шындыққа сай келмейді. Өйткені тамыз айында берілген былтыр. Оның игеру уақыты 12 ай болды. Біз ол қаражатты толық игердік. Бұл бағдарлама бойынша отандық техниканы да, шетелдік техниканы да алуға болады. Бағдарламаның басты ерекшелігі, техника 10 жылға дейін лизингке беріледі. Пайыз мөлшерлемесі – 6%.

Мамандардың айтуынша, өз елімізде құрастырылған техникаларға фермерлердің сұранысы артып келеді. Оларға «Қазақстанда жасалған» және «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламалары тиімді. Бұдан бөлек, тасымалдаушыға шектеу қойылмайтын жобалар да қарастырылған.

Еркебұлан Жұмжаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- «Мастер лизинг», «Экспресс лизинг», «Стандарттық лизинг». Бұл бағдарламалар бойынша отандық та, шетелдік те техникаларды ала беруге болады. Біздің портфелімізде бүгінгі күнге 13 мыңнан астам ауылшаруашылық қожалықтары біз арқылы техника алып, соны пайдаланып отыр.

Ал биыл салаға 185 млрд теңге бағытталды. Алғашқы бес айдың ішінде 5 мыңға жуық техника берілген. Оның 60%-і – отандық өнім.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров.