Қарағандыда медицина қызметкерлеріне пәтер кілті табыс етілді
Қарағандыда кәсіби мереке қарсаңында 100-ге жуық медицина қызметкері пәтер кілттеріне ие болды.
Бұған қоса облыс орталығы мен Теміртау қаласындағы емханаларда алғашқы медициналық және әлеуметтік көмек беретін үздік практикалар орталығы ашылды. Ал дәрігерлер бас қосқан ғылыми-практикалық конференцияда еліміз бойынша енгізіліп жатқан жаңа әдістемелер талқыланды. Осынау ауқымды шаралар өңірге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қатысуымен өтті.
Бүгін 94 медицина маманына қызметтік пәтер кілті табысталды. Олардың дені жастар. Баспанаға қол жеткізген жас отбасы - Оңалсын мен Жазираның да қуанышында шек жоқ. Екеуі де онколог дәрігер. Қаланың қиыр шетінде пәтер жалдап тұрыпты.
Оңалсын Тоқаев, онколог-дәрігер:
- Тұруға лайықты жағдай жасап жатыр. Барлық техникамен қамтылған, жатын бөлмесі бар. Әйелдерге ең бастысы ас үйі ғой. Ол да жақсы кең. Қуанышымызда шек жоқ. Болашақта енді өзіміздің жеке пәтерімізді иемденуге, қол жеткізуге мүмкіндік беріп жатыр.
Өірде бүгін 3 бірдей емханада алғашқы медициналық және әлеуметтік көмектің үздік практикалар орталығы ашылды. Мұнда әр отбасының әлеуметтік және денсаулық жағдайы мейлінше ескеріле отырып жан-жақты дәрігерлік көмек көрсетіледі.
Саят Башеков, Қарағанды қаласы № 1 емханасының директоры:
- Біздің қызметкерлеріміз бұрынғыдай медициналық көмек беріп қана қоймай әлеуметтік жағынан да қарайды. Яғни дәрігерлеріміз топ болып жұмыс істейді. Әр дәрігердің тобында дәрігері, психологы, әлеуметтік қызметкері бар және акушеркасы бар. Одан бөлек бізде 5 жасқа дейінгі балалар үшін патронажды медбикелер бар.
Еліміздің бас дәрігері химиотерапиялық және радиациялық онкология орталықтарының да жұмысымен танысты. Кейінгі сатып алынған заманауи жабдықтар қызмет сапасын жақсартуға сеп болған. Сала жетістіктері мен жоспарлы жұмыстар ғылыми-практикалық конференцияда талқыланды.
Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Бүгінгі кездесуіміз сіздерге алғыс ретінде медицина қызметкерлері үшін өткізіліп жатқанын атап өткім келеді. Біздің өңіріміздің мамандары жүрек пен қан тамырлары, омыртқаға, бас миы мен жұлынға күрделі операциялар мен буындарды протездеу, онкологиялық ауруларды емдеу, жаңа түскен нәрестелерді күтуде заманауи технологияларды қолданып жүргенін айтқым келеді.
Кәсіби мереке қарсаңында Денсаулық сақтау министрі дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне грамоталар мен төс белгілерді табыстады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар