Ақмолалық кардиохирургтар жылына үш жүзден астам күрделі операция жасайды
Ақмолалық кардиохирургтар жылына жүрекке үш жүзден астам күрделі операция жасайды.
Ал облыстық ауруханадағы неврология бөлімінің дәрігерлері қан-тамыр және қабыну дертіне шалдыққан мыңға жуық науқасты емдеп шығарады. Мамандар соңғы жылдары ем-дом шараларында замануи тың тәсілдерді қолданып жүр.
Облыстық аурухананың неврология бөліміне айына 130-ға жуық науқас жүгінеді. Әр науқастың жағдайы әртүрлі болады,-дейді мамандар. Сондықтан дәрігерлер ғылымға сүйеніп, жаңа технологияларды жиі пайдаланады.
Макшарип Мартазанов, дәрігер:
- Бізде әлемде теңдесі жоқ бірегей клиникалық жағдайлар қарастырылған. Нақтырақ айтсам, аутоиммунды ауруларды емдеуге арналған мүмкіншілігіміз бар. Ал былтыр ұмытшақтықты емдейтін арнайы кабинет аштық.
Айнаш Азмағанова, қала тұрғыны:
- Мен ауруханаға есімді білмей түстім. Тіпті дәрігерлер ішке көтеріп кіргізді. Тура бір апта ем қабылдап, өз аяғыммен шықтым. Бұл осындағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі. Қазір тағы ем қабылдап жатырмын.
Бұл облыстық аурухананың жанындағы «Жүрек орталығы». Нысан толығымен заманауи қондырғылармен жабдықталған. Қазір орталықта күрделі операциялар кеудені кеспей лазер арқылы жасалады.
Нұрлан Мінайдаров, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Соңғы жылдары бізде кардиохирургияда жүректің аневризма кезіндегі операциялар еңгізілді. Олар күрделі ақау болып саналады. Жылына 15-20 ота жасалады. Науқастардың жағдайы жақсы. Екі апта жатқасын үйлеріне шығады.
Кәсіби мереке қарсаңында жергілікті ақ халаттыларға ерекше құрмет көрсетілді. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосқан 40-тан астам дәрігер түрлі марапатқа ие болды.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный