Көз аурулары ҒЗИ жаңа ғимараты ашылды
Дәрігерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматыда Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының жаңа ғимараты ашылды.
Заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған корпусты аралап көрген қала әкімі Ерболат Досаев, балалар арасында көз ауруларын ерте анықтаудың маңызын атап өтті. Мегаполис басшысы алыстан нашар көретін балаларды емдеуде қолданылатын инновациялық әдісті енгізуге әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
90 жылдық тарихы бар көз аурулары институты Қазақстан мен Орталық Азия бойынша офтальмологиялық қызметтің флагманы саналады. Институтта жыл сайын 250 мыңнан астам қазақстандық тексеріліп, ем алады. Алыс-жақын шетелдерден емделуге келетіндер де бар. Жоғары сұранысты ескеріп, институттың Алматыдағы өндірістік базасын кеңейту туралы шешім қабылданды.
Нэйля Алдашева, Көз аурулары қазақ ҒЗИ бас директоры:
- Жаңа ғимараттың ашылуына байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін 30 төсектік аурухана, күніне 250 адам қабылдайтын клиникалық бөлім жасақталды. Бұған қоса ауруды ертерек анықтауға мүмкіндік беретін бірегей құралдармен жабдықталған диагностикалық бөлімше ашылды.
Бүгінде институт мамандары балалардың алыстан нашар көруін ерте анықтау үшін скрининг жүргізеді. Бұл дертті емдеу үшін көп елде ортокератологиялық линза әдісі қолданылады. Алайда емнің бұл түрі елімізде медициналық сақтандыруға кірмейді. Әкім балаларды емдеудің осы түрін қалалық деңгейде енгізуді ұсынды.
Эльмира Қанапиянова, Көз аурулары қазақ ҒЗИ бас дәрігері:
- Жаңа ғимаратта миопияны, яғни алыстан нашар көру дертін бақылау орталығын да аштық. Бүгінгі күні миопия мәселесі өте өзекті, әсіресе гаджеттердің кең таралуына байланысты балаларда көп кездеседі. Жаңа құрылған орталық миопияны бақылауға, оны балалар мен ересектерде де тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Алматы әкімі сондай-ақ Қалалық кардиологиялық орталықтың қызметімен танысты. Ерболат Досаев дәрігерлерді келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, қоғамның денсаулығы жолындағы жұмыстарына зор жетістік пен табыс тіледі.
Гүлжан Көленқызы