Газ құбыры желісінде болған апатты жою бойынша ауқымды оқу-жаттығулар өтті
Түркістан облысында газ құбыры желісінде болған апатты жою бойынша ауқымды оқу-жаттығулар өтті.
Іс-шара стратегиялық маңызды нысан саналатын "Қазақстан-Қытай" магистральды газ құбырында өткізілді. Аталған құбыр желісі арқылы күн сайын миллиард текше метрден астам газ айдалады. Оқу-жаттығуға "QazaqGaz" ұлттық компаниясының еншілес ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Олар газ құбырының екі жерінде шыққан ақауды дер кезінде ауыздықтап, шеберліктерін шыңдады.
Құбыр желісінің бойында газ шығып жатқаны жөнінде дабыл түсті. Апаттық жасақтар оқиға орнына жедел жетті. Бірақ бұл нақты өмірдегі оқиға емес, оқу жаттығу ғана. Оны далада өткізудегі мақсат шынайы жағдайға барынша жақындату, дейді сала мамандары.
Газ құбырындағы апаттың ауқымын дәл анықтау және оны оқшаулау үшін заманауи техника пайдаланылады. Ол нақты жағдайды дәл анықтаумен бірге құтқарушылардың іс-әрекетін тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Алтай Джакубалиев, "QazaqGaz "ҰК"АҚ HSE қызметінің басшысы:
- Бүгінгі апатты жоюға арналған іс-шаралар өте күрделі саналады. Өйткені оған көптеген техника мен адамдар тартылды әрі оқыс оқиғаны ауыздықтау шаралары далада өтіп жатыр.
Оқу-жаттығу барысында газдың шыққан жерін анықтаудан бастап оны жою және газ құбырының штаттық жұмысын қалпына келтіруге дейінгі барлық кезеңдері пысықталды. Әсіресе "QazaqGaz " компаниясының еншілес ұйымдарының әртүрлі бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды тексеру аса маңызды. Өйткені бұл қойылған міндетті сәтті орындаудың негізгі факторы саналады.
Цзо Дун, "Шымкент" ГТБ директорының бірінші орынбасары:
- Сіз мұнда әр уақытта дайын тұратын жабдықтың барлық түрлерін көре аласыз. Олар 24 сағат, яғни тәулік бойы сақадай сай күйде тұруы тиіс. Соның көмегімен біз кез-келген уақытта апатты жоюға дайын боламыз.
Компания басшылығы мұндай оқу-жаттығулар қызметкерлердің кәсібилігін арттырып, газ құбырларын қауіпсіз, тұрақты әрі сенімді пайдалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. "Қазақстан-Қытай" магистральдық газ құбыры елдің энергетикалық инфрақұрылымының сенімді элементі болып қала бермек.
Талғат Серікқалиұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов