Семейде Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығы тойланды

Семейде тарихи тұлға, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығы тойланды.

Көрнекті қоғам қайраткерінің мерейтойына 7 мыңнан астам адам келді. Мәдени-спорттық шаралар Семейде басталып Абай ауданында жалғасты.

Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Алыс жақын шетелден келген ғалымдар Семейде бас қосып, халықаралық деңгейде Құнанбай қажыны барынша ұлықтады.

Ерлан Сыдықов, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

- Тұлғаларды ұлықтау арқылы біз ұлттың, жастардың мақтаныш сезімін оятуымыз керек. Атқарған еңбегінің барлығын ғылыми тұрғыда обьективті саралап, бағасын беруіміз керек.

Түркияда Абай Құнанбайұлының құрметіне мектеп ашылған. Ақын атындағы көше де бар. Енді шетелдік ғалымдар Құнанбай қажының өмірі мен қызметін зерттеуді жоспарлап отыр.

Түмен Сомунжуоғлы, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры:

- Құнанбай Өскенбайұлын көп білмейді. Оны Абай Құнанбайұлының әкесі деп жазады. Бірақ Құнанбай туралы жасалған диссертациялар, мақалалар жоқ. Енді осыдан кейін үйреніп бастайды. Қазақстанда Құнанбай туралы жиі айтылса, Түркияда да үйрене бастайды деп ойлаймын.

Қасиетті Абай елінде республикалық қөлөнершілер байқауы, ат бәйгесі мен ұлттық күрестен дүбірлі сайыстар ұйымдастырылды. Бұл тойдың ерекшелігі, бір мезетте 500 баланы Ашамайға отырғызды. Бұл шара Қазақстан рекордтар кітабының тізіміне енді.

Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:

- Өскенбай ауылында Құнанбай бабамыздың шыр етіп дүние есігін ашқан сәтінен куә болдыңыздар. Бабамыздың әрбір қадамы, ашамайға қалай отырғаны. Ел алдында батырлығын найзагерлігін дәріптейтін үлкен сайыстар өтті. Осының бәрі – ауданның береке-бірілігінің арқасы. Бұл – халық жасаған үлкен той.

Қарауылтөбеде киіз үйлер тігіліп, этноауыл құрылды. 10 мыңнан астам адам жиналды. Жұпар Нұрғалиева Семейге немерелерін арнайы алып келген. Астана қаласының тұрғыны: «өткенге құрметпен қарап, қазақтың ұлттық құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу керек», – дейді.

Жұпар Нұрғалиева, Астана қаласының тұрғыны:

- Тарихи жерді, керемет ғұлама тұлғаның туған жерін көрсін дедім. Жидебайдағы музей үйіне бардық. Бәрін өз көздерімен көріп, осындай киелі жерді балалар естеріне сақтап қалсын, ұрпақ ары қарай жалғастырсын деген ниетпен келіп отырмыз.

«Дала данышпаны» атанған Құнанбай Өскенбайұлының мерейтойына барша Абай жұрты бір кісідей жұмылды. Жеңімпаздарға жүлде қоры қазақы дәстүрмен «үйірімен үш тоғыз» болып берілді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.