Атырау мұнай өңдеу зауытында механикалық су тазарту қондырғылары іске қосылды

Жаңа кешен сағатына 1000 текше метр қалдық суды тазарта алады.

Бұған дейін кәсіпорын пайдаланатын судың көптігі, оны жинайтын бассейннің мұнай қалдықтарымен ластанып жатқаны жөнінде экологтар дабыл қаққан еді. Енді зауыт жабық типтегі қондырғыларды іске қосу арқылы зиянды заттардың атмосфераға таралуын барынша азайтпақ.

Екі кезеңмен жүзеге асырылған жоба аясында механикалық құрғату (сусыздандыру) ғимараты, сорғы станциялары, ағынды суларды игеру резервуарлары салынды. Қоршаған ортаға тарайтын жағымсыз иістердің көзі саналатын ашық бассейндер демонтаждалып, апаттық қамбаның беті аспалы құрылыммен жабылды. Енді өндіріске пайдаланылған су механикалық сүзгілерден өткізіліп, зауыттың булану алаңына жіберіледі. Жоба осы заманғы ең озық технологияға негізделген. 

Алмат Мүтиев, күрделі құрылыс бөлімінің бастығы:

- Жобаға қажетті маңызды құрылғылардың басым бөлігі әлем бойынша тазарту құрылғыларын даярлаудың көшбасшы болып есептелетін Германия, Бельгия, Ресей секілді елдерден алынды. Бүгінгі күні жобамызға келіп қондырылған құрылғылардың барлығы тұрақты жұмыс атқарып, жақсы, сапалы нәтиже көрестуде.

Жаңа технология іске қосылғалы өндіріске пайдаланылған суды тазарту көлемі 2 есеге өсті. Қазір мұнда сағатына 1 мың текше метрге дейін қалдық суды тазалауға, сондай-ақ айына орта есеппен 12 000 текше метр мұнай шламын өңдеуге мүмкіндік бар. 

Қанат Сағызбаев, тазарту қондырғысы және қалдық суларды басқару цехының басшысы:

- Жоба қосылғаннан кейін мұнай қалдығынан тазарту 98 пайызға дейін көтерілді. Қоқыстан тазарту тиімділігі 96 пайызға дейін жетті. Соның салдарынан зауыттың булану алаңына жіберілетін судың тазалығы жобалық көрсеткіштерге жетті. 

4 мәрте сүзгіден өтетін қалдық судың құрамы айтарлықтай жақсарып, экологиялық талаптарға толық жауап береді. Қазірдің өзінде зауыттың ағынды сулары жиналатын жасанды көлге қаз-үйректер қона бастаған.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин