Атырау облысында ауыз су және кәріз жүйесіне жауапты кәсіпорын техникамен толықты

Атырау облысының ауыз су және кәріз жүйесіне жауапты кәсіпорын жаңа техникамен толықты.

Таяуда жергілікті биліктің ұйымдастыруымен жаңа 15 автокөлік және жылжымалы 5 шеберхана сатып алынған. Өңір басшысы Серік Шәпкенов «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысымен танысты. Техникаларды пайдалану тиімділігін көріп, еңбек қауіпсіздігі туралы мекеме басшысына бірқатар тапсырма берді.

Бір жылда ондаған арнаулы техникаға қол жеткізген сушылардың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін он адам атқарып келген жұмысты бір өзі тындыратын техниканың қыр-сырын айтудан жалығар емес. 

Аманғали Молдағалиев, "Атырау облысы су арнасы" КМК учаске басшысы:

- Бұрын бұл техника болмағанда жұмысшылар қолмен таситын реагенттер бар әртүрлі материалдар бар ғой, соның барлығы қолмен тасылатын болды. Қазір техника келгелі жеңілдік болып жатыр. Мына артымда тұрған техника краннның да жұмысын, погрузщиктің де жұмысын атқарады.

Тамыз айында мекеме тағы 10 техникамен толығатын болады. Сондай-ақ, қызметкерлердің арнайы жұмыс киімдері, қауіпсіздікке қажетті құрылғылар мен құрал-саймандар да жаңартыла бастады. Серік Шәпкенов жауапты мамандарға берілген техникаларды күтіп ұстап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:

- Белгіленген қауіпсіздің ережелерін қатаң сақтауымыз керек. Қажетті құрал-жабдықтарды алып береміз, СИЗ-бен жабдықтаймыз. Енді оның сақталуын қараумыз керек. Ертең бір қызметкер ережені сақтамай, бірнәрсеге ұрынатын болса, онда басшысы тікелей жауап береді. 

Материалдық-техниканың жаңартылуы жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік беруде. Биыл облыс орталығында 33 шақырымнан астам кәріз желісі күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Үш кезеңнен тұратын жобаға сәйкес, 8 үйдің аумағында апатты жағдайда тұрған кәріз коллекторы жөнделіп, 60 шақырымнан асатын ауызсу құбыры ауыстырылады. Облыс әкімі жауапты басшылардан жұмыстардың өндірістік кестеге сай болуын талап етіп, межеленген міндеттерді биылдан қалмай аяқтауды тапсырды.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин