Шымкентте Қала күніне орай жаңа гүлзарлар пайда болды

Шымкенттегі саябақтар мен демалыс орындары тағы бір гүлзармен толықты, деп хабарлайды 24kz.

Қала күніне орай демеушілер осындай тарту жасады. Осының нәтижесінде солтүстік қақпадан кіреберіс көшенің бұрынғы кейпі өзгеріп түрленді. Заңсыз сауда орындары сүріліп, сүреңсіз автотұрақ басқа жерге көшірілді.

Жібек жолы мен Сайрам көшесінің қиылысындағы бұл маң 1,5 айдың ішінде жасыл желегі жайқалған саялы орынға айналды. Барлығы 1 гектар алқап толық абаттандырылып, жайлы орындықтар мен жарық шамдар орнатылды. Қала символы саналатын сәулеттік қызғалдақтар да тұрғызылды.

Әлімбай Шілмаханов, қала тұрғыны:

- Мына жер толған ретсіз сауда нүктелерінен аяқ алып жүру мүмкін емес болатын. Енді қазір қарап отырсам, қалай өзгергеніне өзім таңғалып отырмын.

Осы орайда жүргізушілердің көлік қозғалысы да реттелді. Көше қиылысынан оң жақ өткел ашылып, ескі автотұрақтың орны ауыстырылды. «Маңызды жоба көліктердің кептелісін тарқатуға көмектеседі», - дейді жергілікті билік өкілдері.

Досбол Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі:

- Бағдаршамның тұсында қаладан шығатын автокөліктердің тығыны өте көп болатын еді. Қазір өздеріңіз көргендей, оң жаққа бұрылысқа асфальт жол салынды. Ол жерге де арнайы жолақтары салынып, сол жердегі тоқтаған таксистерге екінші орын ұсынылды.

Қазір қала аумағын көркейтуге байланысты біршама ірі жоба жүзеге асырылуда. Қараусыз қалған 10 демалыс орны жаңаша кейіпке еніп, қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бұл мақсатта демеушілердің қолдауы сезіледі.

Қайрат Қуанышбаев, Bi Group компаниясының өкілі:

- Биыл біздің компаниямыздың Шымкент қаласына кіргеніне 5 жыл мерейтой болып жатыр. Соған орай біз қалаға осында аллея сыйлап жатырмыз. Шымкент қаласының тұрғындары осы аллеяда серуендеп, жасыл оазисте демалып, күліп-ойнап жүре берсін.

Салаға жауаптылар жыл соңына дейін балалар теміржолының бойы демалыс аймағы ретінде қайта жасақталатынын айтады. Сонымен қатар «Маржан көл» мен «Ордабасы» алаңындағы су бұрқақтар да жаңғыртылмақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов