Теміртауда инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстарына ₸10 млрд бөлінеді

Теміртауда өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілген Металлургтер даңғылы қайта абаттандырыла бастады, деп хабарлайды 24kz.

Құрышты қаланың кіреберісі келешекте ерекше көрікке ие болмақ. Жалпы қалада биыл көшелерді абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алған.

Металлургтер даңғылы Теміртау қаласының орталығы саналады. Жалпы ұзындығы – 3 шақырым. Қазір даңғыл бойына асфальттың бірінші қабатын төсеу жұмыстары аяқталып қалды. Келешекте инженерлік желілері ауыстырылып, аллеясы абаттандырылады. Жоба құны – 10 миллиард теңге.

Ораз Тәуірбеков, Теміртау қаласының әкімі:

- Біздің жергілікті бюджеттің қаражатының шектеулі екеніне байланысты кезең-кезеңімен қаражатты іздестіріп, облыстық бюджеттен көмек сұрап, қаржыландыру мәселемізді шешіп отырмыз. Қазіргі таңда 10,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгені бөлдік. Мердігер жұмысқа кіріскен.

Биыл жылу құбырларын да жаңартуға басымдық берілген. Қаладағы жылу магистралінің жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асса, осы жаз соның 48 шақырымы жаңартылады. Жұмыс ауқымы өткен жылға қарағанда 1,5 есеге көп. Қазіргі таңда Республика, Амангелді және Абай даңғылдарындағы жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қарқынды жүруде.

Николай Волошин, мердігерлік компания басшысы:

- Бұл учаскелерде күрделі жөндеу жұмыстары болмаған. Кемі 40 жылдай құбырлары ауыспаған. Ескі құбырлар әбден шіріген. Қыс бойы жиі ақау шығады. Себебі қысымға шыдас бермейді. Енді жаңа құбырлар салынған соң кемі 15 жыл бұл проблема болмайды.

Қалада қазір 186 мың тұрғын бар. Шаһарда жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар көптеп салынуда. Жыл өткен сайын қаланың сәулетін жақсартуға және инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға күш салынып келеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар Қарағанды