Павлодар облысында «Арманға жол» ипотекалық форумы өтті

«Отбасы банк» Павлодар облысындағы Ақсу электр станциясы, «ERG SERVICE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен ферроқорытпа зауытында «Арманға жол» ипотекалық форумын өткізді.

«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» тобына кіретін кәсіпорын жұмысшылары «Отбасы банк» ұсынатын ипотекалық өнімдер туралы кеңірек мағлұмат алды. Жалпы банк пен компания арасындағы өзара ынтымақтастық аясында Қазақстан бойынша 600 адам баспаналы болған. Бүгін де форумға қатысушылар «Наурыз», «Отау», «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламалары мен «Ақыл» білім беру депозиті туралы кеңінен ақпарат алды.

Өткен жылдың соңында «Отбасы банк», Павлодар облысының әкімдігі мен ERG компаниясы әріптестік туралы үшжақты меморандумға қой қойып, Ақсу электр станциясы мамандарының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған жеңілдетілген бағдарламаны қолға алды. Оған сәйкес бағдарламаны іске асыру үшін әр тарап 300 млн теңгеден бөліп, қаржы қоры 900 млн теңгеге жетті. Ал бұл қаражат 52 отбасының жеңілдікпен пәтер сатып алуына жеткілікті. Осы «Отбасы банкінің» клиенті Абылайхан Дүйсеков 23 жасында баспаналы болған.

Абылайхан Дюсеков, «ERG SERVICE» ЖШС әлеуметтік жобалар жөніндегі сарапшы:

- 10-сыныптан бастап ата-анамызбен бірге «Отбасы банкте» жеке шот аштық. Осы шотқа 5-6 жыл ақша толтырып, сосын университет бітіргеннен кейін өзім ақшаны салып, 23 жасымды өз пәтерімді алдым.

«Корпоративтік өнім» бағдарламасына қатысқан қызметкерлерге «Отбасы банк» жылдық 5%-пен займ береді. Алғашқы жарнасы бар болғаны – 10%.

Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары

- Пәтерде тұрып, жұмысшы өз депозитінде ақша жинай бастайды, сосын 50% жинағанда біз оған 5%-ті, қалған сомасын кредитке береміз. Өте пайдалы механизм деп ойлаймын. Қазақстан бойынша 600-дей адам баспаналы болды сол механизммен.

Қос кәсіпорында өткен форумға 400-ден астам жұмысшы қатысты. «Отбасы банк» қызметкерлері келушілерге заем рәсімдеу бойынша кеңес беріп, қаржы құрылымы іске асырып жатқан «Наурыз», «Отау», «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламалары мен «Ақыл» білім беру депозиті сияқты өнімдерін де таныстырды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.