БҚО-да орманшыларға жаңа трактор берді

Батыс Қазақстан облысында 8 орман шаруашылығы бар.

Бірақ бұл мекемелердің техникалық жарақтандырылуы жеткіліксіз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен орман шаруашылығының материалдық техникасын былтырдан бері жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр Бүгін де өңір басшысы Нариман Төреғалиев орманшыларға 32 тракторды тапсырды.

Мерген Тұралиев, Ақжайық орман шаруашылығы мекемесінің механизаторы:

- Орман шаруашылығында 7 жылдан бері жұмыс жасап жатырмыз. Бүгін өте қуаныштымыз. Жаңа трактор беріп жатыр. Әрі қарай жақсы жұмыс жасалады. Жаңа техника өте жеңіл, ішінде кондеры бар жақсы.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- 171 техника болу керек норматив бойынша. Былтыр жыл басындағы мәлімет бойынша 8 «лесхозда» барлығы 11 техника болған. Қазір мына екі жыл ішінде 58 жаңа техника алып беріп жатырмыз. Жергілікті бюджеттен 2 млрд жарым теңге бөлдік. 

Жақында орманшыларға тағы 2 өрт сөндіру көлігі, 27 мотоцикл, 1 бульдозер әперілмек. Осы арқылы жасыл желек қорын сақтап көбейту жұмыстары жақсарады.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысының осы орман алқаптарының көлемін ұлғайту және орман қорын сақтау маңызды іс шара екенін атап өткен болатын. Орман шаруашылығы қызметкерлеріне жағдай жасауымыз керек. Оларға ағаш отырғызыңдар, ескі ағаштарды тазартыңдар деп жатырмыз. Оларда техника болмаса не істейді. Осыны ескере отырып, қанша қиын болса да осы мәселелерді шешіп жатырмыз, қаражат көзін тауып.

Орал өңіріндегі орман қоры 216 мың гектар. Табиғат қорғаушылар жоспар бойынша таяу жылдары өңірде 15 мың гектар алқапқа 2 млрд түп көшет отырғызбақ.

Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Б. Жарылғасов